ӘДЕМІ ҚАРТАЮ ДА БІР БАҚЫТнемесе 100-ші көктемін қарсы алып отырған Айшахан әжейдің бүгінде 14 баласынан 61 немере, 122 шөбере, 35 шөпшегі бар.

2024-04-26


Ана әлемнің жан дүниесі, өмірдің бастауы мен таусылмайтын жалғасы. Ана – өмірдегі ең ұлы есім, ұлы тұлға. Оның ұлылығы шексіз.

Байдамбетова Айшахан Делегейқызы екі ғасырды көзімен көрген, бүгінде мәуелі баққа айналып отырған кейуана. «Адам қартайғанда бір бала» деген рас сөз екен. Көңілі келсе, көлдей шалқиды. Ұйқысы қанбаса, ерке баладай «еркелеп» қалады. Бүгінде 100-ші көктемін қарсы алып отырған Айшахан әженің 61 немере, 122 шөбере, 35 шөпшегі бар. Біз келгенде әжейдің қонаққа келген Кербұлақ ауданында тұратын 80 жастағы үлкен қызы Қауа Ордабайқызы екеуі лағман созып отыр екен. Әжей бізді жылы қарсы алды.

 

«Үйің үй-ақ екен, ішінде ойнайтын баласы болса» деген ұлт мақалын ауылдағы көрші әженің әңгіме арасында жиі қайталап отыратынын құлағымыз шалушы еді. Иә, үйі үй-ақ екен, еңселі. Ал оның ішіндегі үлкендердің бір сәтте ойларынан шықпайтын күнделікті күйбең тірліктің жүрекке салмақ түсірер тауқыметінен мүлдем бейхабар, алаңсыз ойын қызығына берілген бүлдіршіндерді көрсеңіз үйдің базары - оларға елжірей қарайсың. Сырт адам болсаң да, тіфә-тіфә деп іштей тілектестік білдіресің. Осы бір жарастықтарына көз сүйсінеді. Орталарында Айшахан әже, диванда отыр.
«Е-е жаратқан, көрер қызығым бар екен, бұл жылды да бала-шағамның ортасында қарсы аламын. Алланың маған берген бақыты, бұйырған дәмі таусылмаған екен»,-деп әңгімені бастаған әжей елдің амандығын, туыстың татулығын тіледі.
Қоңырөлең ауылының ең қарт тұрғыны Айшахан Делегейқызы он төрт баланы дүниеге әкелген. Бүгінде олардан немере, шөбере, шөпшек көріп отыр.
-Е-е-е балаларым-ау, мен не көрмедім? Ол кез қиын еді ғой. Өмір бойы десең де болады, істегенім қара жұмыс болды. Таңның атысы, күннің батысы үйдің бетін көрмедім. Бала-шағаның қамын жеп, бір сәт тізе бүккен жоқпын. Ауыл шаруашылығының барлық саласында еңбек еттім. Десе де, қара жұмыстан жаман болған жоқпын. Шынықтым, ширадым, осы күнге аман жеттім. Сол күндерді бала-шағама үнемі үлгі етіп айтып отырамын,-дейді Айшахан әжей.
Екі ғасырдың куәгері көнекөз кейуана бізге әлі де тың, ширақ көрінді. Әңгімеге де, әзілге де бар.
-Отар-отар қой бағып, сиыр саудым. Қандай қиын жұмыс болса, соның басы-қасында жүрдім. Белім қайысып, ер–азаматтан кем түспедім. Сірә, қара жұмыстан қайыс болып, сол атқарған ауыр жұмыстың арқасында шираған сияқтымын,-дейді Айшахан әжей.
Әрине, екі ғасырдың дәмін татып, оның жарық сәулесін көру екінің біріне бұйыра бермесі анық. Десе де, тағдырдың да Айшахан әжейге күліп те, жылап та қараған кезі болды.
-Бүгінде мәуелі баққа айналдым. Бала-шағама төңірегім толды. Менің бір тілегім осы емес пе? Бұған да шүкіршілік деймін. Ұйқым тыныш, көңілім орнында. Күнде таңертең оянғанда күнмен күліп амандасамын.
«Е-е Жаратқан, бергеніңе шүкір. Алланың сүйген құлы шығармын. Мағыналы да, мәнді өмір бердің. Өмір бойы осыған іштей тәубе айтып, шүкіршілік етумен келемін»,-дейді әжей.
Сөзге араласқан қызы БИЖАМАЛ былай дейді:
–Анамыз әлі де ширақ, тың. Сыртқа өзі кіріп-шығады. Қонақ келгенді жақсы көреді. Осылай әңгіме айтып, серпіліп қалады. Үнемі ыңылдап ән салады, сосын ән тыңдағанды ұнатады. Қолынан келмейтіні жоқ.
Күнделікті асқа ботқа жейді. Тәбеті жаман емес. Мәлік Жақыпұлы немересі:
-Апам бала кезімізден «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дегенді құлағымызға құйып өсірді. Отбасында береке – бірлігіміздің молдығына да сол сөздің ықпалы болған шығар деймін.
Айшахан әже сияқты ауылдағы қажырлы денсаулығы мықты қарттар туралы «Бұрынғының адамдарының сүйектері асыл, текті жандар ғой» дегенді естіп жүруші едім. Иә, биыл жүзінші көктемін қарсы алып отырған ана сол тектілігінің арқасында биыл шөпшектерінің де маңдайынан иіскеді.
Кез келген шаңырақтың ынтымағы бір кісіге байланып тұрады екен. Сол ынтымақтың жалауын ғасыр өмір сүрген ана бүгінде кенжесіне, шаңырақтың иесіне тапсырғандай.
Айшахан әженің – баласынан тараған шырақтары сөнбесін дегіміз келеді.
Бағдат БЕЙСЕНҚЫЗЫ.