Әкім мемлекетшіл, болуға міндетті, ал рушылдық, жүзшілдік алыс болуы шарт

Биылғы жылдан бастап ауыл әкімдері жергілікті бюджетті өздері басқаратын болды. Ал осы ретте алдымыздан ауыл әкімі қандай болуы керек деген сауалдың шығары түсінікті. Шын мәнінде, жергілікті бюджетті басқаратын ауыл әкімі қандай болуы қажет? Біріншіден, ол мемлекетшіл болуға міндетті. Екіншіден, ауыл басшысы рушылдық, жүзшілдіктен алыс болуы шарт. Ең бастысы, халықтың қамын   ойлап, адалдықтың  ақ жібінен   аттамағаны дұрыс!

 

            Қазақ ауылда өсіп, ұрпағын сол топырақта өрбіткен халық. Сондықтан, елді-мекендердің  жағдайын оңалту, ауыл халқының жақсы өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан түрлі шаралар жүзеге  асырылып  келеді. Елді- мекендердің еңсесін  түзеу үшін қолға алынған бастамалардың бірі-ауылдардың дербес бюджетін енгізу.

            Негізінен дамыған елдерде әр қала, тіпті әр елді-мекен жергілікті өзін-өзі басқару тетігіне сүйеніп, біртұтас корпорациядай жұмыс істейді,  инвестор тартуда, өркендеуде өзара  бәсекеге түседі. Озық елдердің бұл  үлгісі енді біздің елде де жүзеге асырылуда.

            Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98 қадамы селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың  дербес бюджетін  енгізуді міндеттейді. Осылайша  Қазақстан ауыл-аймақтың рөлін, билігін және бюджетін арттыруға бағытталған үлкен реформаны өрістетіп келеді.

            Иә, сөйтіп биылдан бастап жергілікті бюджет ауыл әкімдерінің басқаруына берілді. Жергілікті бюджетке басшылық еткен ауыл әкімдері салықтан түскен қаражаттың негізінде балабақша, мектеп пен аурухана  ғимаратын салу және жөндеу, су мен жол тарту сынды мәселелерді шешуді де өз қолына алуы тиіс. Жергілікті бюджетте жиналған қаржы ауылдарды көркейтуге жұмсалатын болады.  Мұндай жағдайда маңызды мәселелердің  өз шешімін табуына тұрғындар да белсенді түрде атсалысады, билік олардың пікірлеріне құлақ асулары қажет. Сонда ғана сенім пайда  болады. Бірақ қаражатты дұрыс және тиімді жұмсау әкімдердің  билігі мен білімінің жоғары  деңгейде болуын талап етеді.  

            2017 жылы 11 шілдеде «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту туралы» Заң қабылданды. Аталған заң аясында ауылдық округ әкімдерінің бюджетінің қалай жұмсалуын сол елді-мекеннің тұрғындары да тікелей бақылап, өз ұсыныстарын айтуға мүмкіндік береді. Ауылдық округ әкімдерінің аппараты бюджет жоспарын ең әуелі жергілікті  қауымдастықпен келісіп, мұқият  пысықтағаннан кейін ғана аудандық мәслихаттың бекітуіне ұсынады. Бір сөзбен айтқанда, ауыл әкімдері бұрынғыдай жоғарыға жалпақтамай, елді-мекен тұрғындарымен ақылдаса отырып, сансыз түйткілдерді өздері шешуге мүмкіндік алды.

            Ауыл-аймақтың дамуы мен өркендеуі бюджет кірісінің оңтайлы қалыптасуына тығыз байланысты. Енді алдағы уақытта  ауыл әкімі мен қоғамдық кеңес мүшелері ортақ пікірге келіп, ауыл үшін маңызды мәселелердің түйінін тарқатуда тындырымды тірліктер атқарады деп сенеміз. Бұл  ретте  ауызбіршілік  пен   ынтымақтың алар орны ерекше.

            Иә, ауыл әкімдері жергілікті бюджетті өздері басқаратын болды.  Ал осы ретте ауыл әкімі қандай болуы керек?  Біріншіден, ол   мемлекетшіл   болуға   міндетті.  Екіншіден, жүзшілдік, рушылдықтан алыс болуы тиіс. Ең бастысы халықтың  қамын  ойлап, адалдықтың ақ жібін  аттамағаны жөн.

Әзірлеген: 

Бағдат

Бейсенқызы.

 

Күнтізбе

« Сәуір 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

booked.net