ЭКСПО-2017-ге жолыңыз түссе

 

Еліміз үшін биылғы жылдың ең басты оқиғаларының бірі - «ЭКСПО – 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің елордамыз Астана қаласында өтуі болып отыр. 

 

                «ЭКСПО – 2017» көрмесіне 5 миллиондай адам келеді деп күтілуде. Осы 5 миллион адамның 15%-ы шетел азаматтары екен.  Күн сайын шамамен 30 мың саяхатшы, сонымен қатар  еліміздің әр өңірінен жиналған қонақтар да көрмені тамашалайтын болады. Бұл еліміздің халықаралық мәртебесін көтеріп, алты құрлыққа атымызды танытатын айтулы шара екені даусыз.

                Көрме аясында өтетін мәдени-танымдық, ойын-сауықтық және спорттық іс-шаралардың маңызы зор. Өйткені олар арқылы біз қазақ халқының бай тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрлерін насихаттап, ұлттық өнерімізді паш етеміз.                    Ендеше «ЭКСПО – 2017» көрмесіне жолыңыз түссе, келесі іс-шараларға міндетті түрде барғайсыз.

•              «Қазанат» ипподромы аумағындағы 2,5 мың шаршы метр жерде орналасатын «Этноауыл». Бұл жерде қолөнершілердің жұмыстары, ұлттық дәм орталығы, дәстүрлі аң аулау, ұлттық ойындар сияқты қазақ халқының бет-бейнесін көрсететін, тарихымызбен сусындататын бірнеше секторлар болады.

•              «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында 50-ден аса іс-шаралар өтеді. Олардың қатарында әлемге әйгілі «Опералия» опера әншілерінің Халықаралық байқауы, «Қыз Жібек» операсы, ЛаСкала театрының «Фальстаф» және Бетховеннің №9  симфониясы қойылымдары, тағы басқалары бар.

•              Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің бағдарламасы да өте бай. Мұнда республикалық және Халықаралық деңгейдегі көрмелер өтпек: «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі»,  Эрмитаж қорының көрмесі,  «Скиф алтыны», т.б.

•              Бейбітшілік және келісім Сарайында «AstanaMusical» театрының өнепаздары отандық және шетелдік авторлардың қойылымдарын сахналайды. Атап айтқанда, «Астана», «Махаббат дастаны», «Достар серті», т.б. мюзиклдер.

•              Сарыарқа велотрегінде 8 шілде күні жастардың көңілінен шығып жүрген «Black Star» бірлестігінің (Тимати, Мот, Кристина Си) концерті өтпек.

•              Халықаралық көрме аясында 14 спорттық іс-шара өтеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ Қанат Исламның қатысуымен өтетін кәсіби бокс кеші пысықталуда.

•              Ал 27 маусым күні «Астана Арена» стадионында өтетін Димаш Құдайбергеновтің концерті барлық көрерменге ұмытылмас әсер қалдыратыны сөзсіз.  Ұйымдастырушылар бұл шоуды көрменің мәдени бағдарламасының кульминациясы деп баға беріп отыр.

                Бұл «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтетін іс-шаралардың бірқатары ғана. «Көрген  де арманда, көрмеген де арманда» деп осындайда айтатын шығар. Олай болса, еліміз үшін маңызы зор көрмеге баршамыз атсалысып, өз үлесімізді қосайық.

Ж.Кенжебек.