Су бергеннің сауабы бар...
- Толығырақ
- Жарияланды 08.11.2016 08:04
- Автор: Super User
- Категория: санаты жок
- Қаралды: 4981
Су – жер ана төсіндегі барлық тіршілік иелеріне нәр беруші табиғаттың баға жетпес байлығы. Суды адам баласы ішуге, егін суаруға, мал шаруашылығы мен өнеркәсіптің түрлі салаларында барынша пайдаланады. Алайда, суды үнемді қолдану біздің қоғам үшін өте қажет. Себебі, дүниежүзінің көптеген елдерінде тұщы су жағдайы күн тәртібіндегі өзекті тақырыптардың біріне айналған.Әйтсе де сол бір айтулы әлемнің бір бөлшегі біздің жазиралы Жетісу өлкесі су қорына өте бай. Осы шұрайлы өңірдің бір пұшпағы Жаркент жері де сулы, нулы аймақ. Енді Панфилов ауданы аумағындағы су жүйелерін реттеп отырушы, су шаруашылығы тарихына келсек, ол сонау ХХ ғасыр басындағы 1914 жылдан бастау алады екен. Сол жылы Алматы, Пішпек, Қарақол, Лепсі сияқты нулы өңірдің су қорын пайдалануды ретке келтіруші уездік ұйымдар құрылды. Ал, мекеменің эксплуатациялық және гидрометриялық жұмыстары тек 1925 жылы іске асып, алғашқы су бақылаушылар штаты ашылып, гидрометрлік бекеттер тұрғызылды. Кейін 1930 жылы 28 қазанда «Жаркент су шаруашылығы» жүйесінің басқармасы аталып, құрамына: Қорғас, Шежін , Бұрхан, Тышқан, Өсек, Китің – Бурақожыр т.б. ірілі –ұсақты су жүйелері енгізілді. Бергі жылдары атауы неше өзгерген бұл мекеме - 02.04.2012 жылдан бастап АШМ СРК ШЖҚ «Қазсушар» РМК Алматы филиалының Панфилов өндірістік учаскесі болып өзгертілді. Қазіргі таңда кәсіпорын құзырында --Қорғас, Тышқан, жоғары – қалалық, Бурақожыр, Үшарал және Еңбекші атты 6 - өндірістік су учаскелері бар. Аталмыш су бөлімшелерінің таңмен таласа тынымсыз еңбек етіп жүрген айтулы мамандарын: Қорғас су учаскесінен – Иминов Х, Тулақбаев Р, Баситов М; жоғарғы - қалалықтан – Каймұхаметов А, Евдокименко Е, Исаев М; Тышқан су учаскесінен - Сатыбалдиев Т, Қосынбаев Е; Бурақожырдан – Төреханова Ж, Абдолдаев Б; Үшаралдан – Алмабаев А, Оразов Д және Еңбекші су учаскесінен – Тышманов Т, Сұлтанқұлов М , т.б. ұжым мүшелерін атап өтуді жөн көріп отырмыз.
Мекеме балансына - 5 бөгетті су торабы кіреді. Оладың қатарында: Өсек өзені, су жіберу қабілеті – 339,0м3/сек, Тышқан өзені – 120,0м3/сек, Бурақожыр өзені – 150,0м3/сек, сондай-ақ, 05.07.2013 жылы Қорғас өзені бойында Халықаралық дәрежедегі «Достық» су торабы іске қосылды, су жіберу қабілеті – 450,0м3/сек құрайды. Және де кіші су торабтарынан басқа ұзындығы – 287,25 км болатын шаруашылық жерлерін суландыру жүйелері жұмыс істеуде. Оның бетонмен қапталғаны – 175,8 км болса, жер арналысының ұзындығы – 104,65 км, ал құбыр арқылы су тасымалы – 6,8 км-ге жетеді.Бұл суландыру жүйелері жалпы аудан бойынша – 49,1 мың га алқаптан тұратын жер көлемінің мемлекеттік жүйедегі – 40,2 га жататын суармалы жерді тіршілік нәрі- сумен қамтамасыз етуде.
Енді айтулы мекеменің жұмысшы мамандарының сапалық құрамына тоқталсақ, орташа саны – 154 адам. Оның ішінде: 15-инженер гидротехник, 8-инженер гидромет, 15-канал технигі, 2- су технигі, 36-су реттеуші, 8- су бақылаушы маманы болса, тағы 70-адам түрлі жұмыстар атқарып, еселі еңбек етуде.Мінекей, өзіміз сөз етіп отырған, бір ғасырдан астам тарихы бар «Қазсушар» Панфилов өндірістік учаскесін 2013 жылдан бастап аудан экономикасы мен ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосып жүрген тәжірибелі маман Тоқтарбай Әкімұлы Керімқұлов басқарып келеді. Қызметке келген алғашқы күннен-ақ, ұжымның жұмыс тәртібін ретке келтіруден бастаған басшы мекеме қызметі мен тыныс-тіршілігінің тың, жаңаша қарқынмен жандануына ерекше серпін берді. Төраға бастамасына бірауыздан жұмыла кірісіп, қолдау көрсетуші Панфилов өндірістік учаскесі бастығының орынбасары – Беширов Ю, бас инженер – Харченко Н, І – дәрежелі есепші – Джумагулов Б, есепшілер – Қоянбаева Қ, Ибраимкулова К, Салим В, Турапбеков Ж, экономист – Турдиева Н, хатшы – Насремова Р, су бөлімінің бастығы – Исаев Б, инженер – гидрометр – Сманова М, Бедрек А, құрылыс бөлімінің бастығы – Джазыкбаева Д, Каримов Н. сынды азаматтар қажымай еңбек етіп, мекеменің мерейін үстем етуде.
Белгіленген мақсат бойынша - кәсіпорынға тиесілі суландыру каналының эксплуатациясы, гидротехникалық құрылыс саласы мен су есебінің әдістері, сондай-ақ, шаруашылыққа қарасты арнайы ғимараттардың техникалық тұрғыдан талапқа сай болуы тексеріліп, сараланды. Жалпы шаруашылықтың жұмыс жоспарының жүзеге асырылуы алдыңғы орынға шығып, берілген мерзімде орындалуы қатаң талап етілді. Межелеген міндет үдесінен шығуды көздеген шебер басшы әр ауылдың округ әкімдерімен, шаруа қожалықтарының төрағаларымен іс бабында жеке-жеке кездесулер өткізді, түсінік жұмыстары жүргізіліп, шаруалардың заңдық тұрғыда арнай келісімшартқа отыруы міндеттелді.Енді мекендер маңайындағы арықтардың, тоғандардың уақтылы қазылып, тазалау жұмыстарының жүргізілуімен қатар, жаз мезгіліндегі күннің ұзаруына байланысты жерге жарық түскен таңсәріден егіс алқабынан табылып су алу, сушылардың кезекшілігі мен берілген судың ысырапсыз пайдаланылуы ретке келтірілді. Дер кезінде атқарылып, нақты жүзеге асқан іс-шаралар өз нәтижесін беріп, диқандарға жылдың су берудің көлемін біршама арттыруға мүмкіндік туғызды.
Мысалы: 2013 жыл мемлекеттік суландыру қызметі 246,7 млн. м3 су беруді жоспарлағанымен, нақты берілген су мөлшері – 284,2 млн. м3 болып артығымен орындалды.Бұл үрдіс одан әрі жалғасын тауып – 2014жылы 328,3 млн. м3, 2015 жылы - 381,0 млн. м3 - дейін артып, аудан, облыста берілетін жалпы су көлемінің 49%-ын берді. Ал, биылғы жылғы меже бойынша-357,5 млн. м3 су беру жоспарланып отыр. Аталмыш мекеме мамандарының сапалық құрамымен бірге техникамен жабдықтау ісі де басшылық назарынан тыс қалған емес. Оған дәлел, 2014 жылы инвесторлық бағдарлама бойынша «Қазсушар» кәсіпорны LW-500 маркалы фронталды жүк тиегіш тракторын, 2015 жылы ЕК-18-90 маркалы дөңгелекпен жүретін эксковатор сатып алынып жұмыс жасауда. Нарық сұранысына сай келген бұл әрекет өз кезегінде сырттан техника жалдауды жойып, шығын көлемін азайтумен қатар мыңдаған теңгені құрайтын мекеме қаржысын үнемдеуге жол ашты.
Сондай-ақ, кәсіпорының жұмыс сапасы мен еңбек өнімділігін арттыруды ойға алған төраға өзінің шебер ұйымдастырушылық қабілетіне сүйеніп, ұжым мүшелерінің әлеуметтік жағдайын көтеруді ең бірінші кезекке қойып отыр. Мәселен, ауданымыздың шығыс аумағындағы ауылдық округтерге су бөлу мен оны тәулік бойы қадағалауға ыңғайлы болу үшін : Алмалы-су магистральді каналының су қысымын өлшеу бассейніне, Алмалы-су, Басқұншы каналдарының су бөлгіш күзетшілеріне, Аяқ-Құншан каналының Р-11 маңындағы су реттеушіге контейнерден үйшік қойылып, айналасы жасыл-желекпен абаттандырылды. Және де Алмалы ауылында жергілікті тұрғындардың су шаруашылығы жұмыстарына қатысты туындаған мәселелерін оңтайлы шешу мен келісім шарттарды іске асыру үшін арнайы кеңсе ашылса, Аяқ-Құншан каналының Р-12 су бөлгішіне тұрғын үй салынып берілді. Иә, жұмысшылардың әлеуметтік әлеуетін көтеріп, ризашылығына бөленген осыншама келелі істер одан әрі Бурақожыр су бөгетіндегі тұрғын үйдің шатырын жаңалауға ұласты, 30-жыл бойы жарықсыз отырған осы баспанаға электр желісі тартылып, жарық көзімен қамтамасыз етілгенін қуана хабарлаймыз.
Қиыннан қиыстырып жол таба білетін алғыр басшысы бар ұйымшыл ұжым қызмет бабындағы кездескен түрлі кедергілерге қарамастан, уақытпен санаспай еңбек етудің арқасында мекеменің бас ғимаратын да (Жаркент қаласындағы) заман талабына сай жабдықтауды аяқтап қалды. Оған дәлел ретінде: жылдар бойы қараусыз қалған кәсіпорын ауласының жаңа дуалмен қоршалып және осы ауладағы механизаторлар бөлмесінің қайта жабдықталуы, ыстық сумен қамтылуымен қатар үлкен қойма мен ағаш шеберханасының да төбесінің жаңадан жабылғандығын қосыңыз. Оған қоса түрлі техникаларды жөндеуден өткізетін шеберхананың керекті құрал-саймандармен толықтай жабдықталып, реттеліп, бір жүйеге келтірілгенін естігенде тәжірибелі төрағаның еңбегіне шексіз риза болдық.
Иә, біз әңгімеге арқау етіп отырған мекеме жұмысшылырын биылғы көктем, жаз мезгілдерінің толассыз жаңбырлы болуы біршама әбігерге түсірді. Табиғат апатының аяқ астынан орын алып, орны толмас өкінішке соқтыратынын жақсы білетін тәжірибелі мамандар аянбай еңбек етті. Тасқын салдарынан Өсек, Бурақожыр, Шежін т.б. өзендер суының шектен тыс көтерілуі, сел алу қаупін туғызды. Шұғыл түрде дер кезінде жүзеге асырылған іс –шара барысында барлық адам күші мен техника бір бағытқа жұмылдырылып, апаттың алды алынды. Аз уақытта толайым жұмыстар атқарылды. Жедел түрдегі әрекеттің нәтижесінде табиғи апаттың беті қайтарылды. Алайда орын алған табиғи кедергілерге қарамастан аудан аумағындағы барлық шаруа қожалықтарына қажетті мөлшердегі су үзіліссіз беріліп тұрды. Бұл дегеніңіз жәй кезде көзге көріне бермейтін қарапайым еңбек адамдарының қажырлы да қайратты еңбектерінің бір жарқын көрінісі екендігі даусыз. Аудан экономикасының көтерілуі мен туған жерді көркейтуге атсалысып, еселі еңбек етіп жатқан «Қазсушар» ұжымының алдағы жылға дайындаған жоспары да қомақты. Дәлірек айтсақ: Өсек өзеніндегі су бөгетіне күрделі жөндеу мен Тышқан, Шежін су бөгеттеріне қайта жаңғырту жұмыстарын жасап, көптен бері иесіз қалған кейбір су жүйелерін айқындап, теңгерімге алу, оларды жөндеу жұмыстары арқылы қалпына келтіруді іске асыру көзделіп отыр.
Елжанды, іскер басшысы бар, жұдырықтай жұмылған айтулы мекеме мүшелері Тәуелсіздіктің 25 жыл толу мерекесін, бұрын –соңды болмаған зор жетістіктерімен қарсы алуға тас –түйін дайын. Аз уақытта осынша қыруар жұмыс тындырып, мемлекет дамуына зор үлес қосып жүрген қарапайым еңбек майталмандарына мың алғыс! Заман ағымына бейімделген, мақсаты айқын, сапалық деңгейі жағынан жоғары көрсеткішке жеткен «Қазсушар» мекемесі мүшелерінің ерен еңбегі қандай құрметке болса да лайық, ағайын!
Қ.Тұрдығазыұлы,
Жаркент қаласы.