Еңбек заңнамасы сенімді қорғалады

Ербол Мұқамерұлы Қасқарауов, 1959 жылдың 16 мамырында Панфилов ауданының Үшарал ауылында туылған, білімі-жоғары, мамандығы-қаржыгер, жалпы еңбек өтілі-35 жыл, оның ішінде мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек өтілі-26 жыл. 3 баланың әкесі. Қызметі- Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы, Райымбек- Ұйғыр-Панфилов  ауданаралық  өкілі.

 

            Марапаттары:

            2009 жылы-Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Абдіхалықованың «Мақтау грамотасы»,

            2011 жылы- «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі.

2011-2012 жылдары- Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және еңбек қорғау Комитеті төрағасы С.Бисақаевтың «Алғыс хаттары».

            2013 жылы Алматы облысы әкімінің орынбасары С.Бескемпіровтың «Алғыс хаты».

            2014 жылы  Алматы облысының әкімі А.Баталовтың «Мақтау грамотасы».

                2016 жылы-Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенованың «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісі.

                -Ербол Мұқамерұлы, еңбек шартының басты ерекшелігі туралы не айтар едіңіз?

     -Еңбек шарты-жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісімі, бұған сәйкес жұмыскер белгілі бір жұмысты жеке өзі орындауға, еңбек тәртіптемесін сақтауға міндеттенеді, ал жұмыс беруші жұмыскерге келісілген еңбек функциясы бойынша жұмыс беруге, Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтік-құқықтық актіленрінде, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде көзделген еңбек жағдайын қамтамасыз етуге, жұмыскерге уақтылы және толық мөлшерде жалақы төлеуге міндеттенеді.

    -Бейбәсекелестік шарт туралы не айтасыз?

    -Бейбәсекелестік туралы шарт-жұмыс берушіге нұқсан келтіруі ықтимал әрекеттерді жүзеге асырмау туралы жұмыскерге тиым салу. Бейбәсекелестік туралы шартқа қол қойып, жұмыскер өзінің жұмыс мерзімі барысында жұмыс берушіге бәсекелес ұйымдарда жұмыс істемеуге немесе өзге қызметті жүзеге асырмауға міндеттенеді.

     -Жұмысқа қабылдау жасалған еңбек шарты негізінде  жұмыс берушінің қандай актілері рәсімделеді?

     -Жұмыс берушінің актілері- жұмыс беруші шығаратын бұйрықтар, өкімдер, нұсқаулықтар, қағидалар, ережелер, ауысымдық кестелер және демалыс кестелері болып табылады. Іс тәжірибеде жұмысқа қабылдау бұйрық немесе өкім ретінде рәсімделеді. Бұйрықты әзірлеу мен рәсімдеу тәртібі Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 22 желтоқсандағы № 144 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасаудың және құжаттаманы басқарудың үлгілік қағидаларына» сәйкес жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 136-бабының 2-тармағына сәйкес үйде істейтін қызметкерді жұмысқа қабылдау туралы актіні шығару және оның жұмысы туралы мәліметтерді еңбек кітапшасына енгізуді жұмыс беруші жүргізбейді.

   Өз құзыретіңіз шегінде жауапты аймақта еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында 2016 жылы қанша шаруашылық жүргізуші субьектіні тексердіңіз және қандай негізгі кемшіліктерді анықтадыңыз? 

     -2016 жылы жоғарыда аталған үш ауданда 126 мекеме тексеріліп, 530 еңбек заңнамасын бұзу дерегін анықтап 185 жұмыс берушілерге жалпы сомасы 5 миллион 200 теңге әкімшілік құқық бұзушылық айыппұл салынып және жазбаша түрде кемшіліктерді тиісте мерзімде жою үшін ұйғарымдар жазылып берілді. Ал, еңбек заңнамасы талаптарын бұзу деректері бойынша жұмыс берушілер тарапынан жіберген негізгі, ортақ кемшіліктер ретінде атап өтуге тұратын деректер мыналар: жасалған еңбек шартының мазмұндары Еңбек Кодексі талаптарына сәйкес келмейді, еңбек шарттарында айлық жалақы сомалары көрсетілмейді, еңбек шартын жасасу үшін қажетті құжаттар талап етілмейді, жұмыскерлер мен қызметкерлерді жұмыстан шеттету еңбек заңнамасына сәйкес жүргізілмейді, жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы еңбек заңнамасына сәйкес жүргізілмейді, үстеме жұмыстардың шекті саны қадағаланбайды, жұмыс берушілердің бекіткен кестесі бойынша қызметкерлер мен жұмыскерлер жыл сайынғы ақы төленетін кезекті еңбек демалыстарына жіберілмейді, жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдері сақталмайды, күзетшілер мен еден жуушыларды арнайы киімдермен қамтамасыз етпейді, қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі жауапты адамдар білімін көтеру мен аттестаттаудан өтпейді, әр мамандар бойынша қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөнінде 2016 жылғы нұсқаулықтар жұмыс берушінің бекітуімен жүргізілмейді және жұмыс беруші босаған бос лауазым орындарына жергілікті жұмыспен қамту орталығына жазбаша түрде сұраныс жазбайды.Шағын кәсіпкерлік нысандарының иелері немесе оларды басқарушы жеке тұлғалар салықтық,  міндетті зейнетақылық және сақтандыру, жалақылық төлемдерден жалтару мақсатында жалдамалы жұмыскерлермен ешқандай еңбек шартын жасаспайды, мүмкіндігінше жалақы төлейтін кезде жұмыскердің жұмысынан «кінәрат» тауып, жұмыстан кетуін талап етуге дейін барады, заңды құқығы бұзылған жеке тұлғаның уәкілетті органдарға шағымданып өз құқығын қорғау мүмкіндігі жоқтығын пайдаланған   кәнігі, айлакер «байшікештер»  ондай тегін жұмыс күшін пайдаланудан, заңның ақтаңдақтарын өз пайдасына жаратудан мол «тәжірибе» жинақтап алған.

             Азаматтар тарапынан сұрақтар туындаған жағдайда мен қызмет істейтін  Талдықорған қаласында орналасқан Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасына (8-728) 224-77-28-қызметтік, 87013734404- ұялы байланыс телефондарына хабарласуларына болады.

     -Қызметіңізде басшылыққа алатын басты қағидаңыз не?

     -Мемлекеттік қызметкер ретінде заңмен белгіленген барлық қағидалар талаптарын қатаң сақтау, еңбек адамдарының заңды құқықтары мен мүдделерінің бұзылмауына ықпал ететін еңбек заңнамасының   кез-келген жұмыс берушілер тарапынан біркелкі сақталуын мемлекеттік бақылауды қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асыру менің күнделікті қызметімде ұстанатын басты қағидаларым болып табылады. Еңбек заңнамасының анықталған бұзушылықтарына қарай тиісті актілерді заң шеңберінде шығару-қызметтік міндетім. Өз жауапты аймағымда еңбек заңнамасы сенімді қорғалуда деп айта аламын. Ал, халқыма адал қызмет ету мен үшін өмірлік ұстаным болып табылады.

     -Ербол Мұқамерұлы, өзіңіздің  отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз .

     -Жұбайым Гүлжан Нұрақынқызы Әшімбекова жоғары санатты ұстаз, Жаркент гуманитарлық колледжінде 33 жыл бойы жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді.  Үлкен қызым-Эльвира жоғары білімді экономист, Қазақстан Халық банкінің Панфилов аудандық бөлімшесінде менеджер болып қызмет жасайды, жан ұялы 2 баланың анасы. Екінші қызым- Гүлнұр арнаулы орта білімімен Жаркент қаласындағы балабақшада тәрбиеші болып істейді. Ұлым-Бауыржан жоғары білімді экономист, Алматы қаласындағы ірі корпорацияда бас менеджер, ал келінім Айнұр сол қаладағы Орталық Халық банкісінде менеджер  болып  өз мүмкіндіктерін, қабілетін, күш-жігерін, білімдерін халқына адал қызмет етуге арнауда.

     -Ербол Мұқамерұлы  басылым редакциясына арнайы келіп сұхбат бергеніңізге рахмет! Сізге зор денсаулық, жан ұялық бақыт, береке тілей отырып   тәуелсіз мемлекетіміздің басты құндылығы, байлығы -азаматтарымыздың  еңбек заңнамасымен белгіленген заңды құқылары мен мүдделерінің сенімді сақшысы болып әрқашанда абырой биігінен көріне беріңіз демекпін!

     -Қазақстан Республикасындағы мазмұнды, бай тарихы бар,ең беделді басылым ретінде танылған «Жаркент өңірі» газетінің оқырманы көп болсын, еңбек ұжымына шығармашылық табыстар тілеймін!

Бекмұхамет   СЕРІКБАЕВ,

Жаркент    қаласы.