Адамдық айнасы Абай неге күңіренді?

Абай хакім: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой – бес асыл іс көнсеңіз»  деп исі қазақ баласының санасын  серпілткен деп айтады. Осынау өсиеттерден ғибрат алам деген әрбір жан адамдықтың ең асыл қасиеттерінің бірі – барға қанағат, жоққа шүкіршілік ету екендігіне ден қойса керек.

 

                Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде айтылған: «кімде -кім ислам дініне кіріп, Алла тағаланың азды-көпті берген дүниесіне шүкіршілік етіп және оған қанағат қылса, Алла тағаланың рахымына жетеді» (157). Иә, құдайдан үміті бар, ниеті астамшылдықтан ада әрбір жан мынау жарық дүниедегі әрбір атқан таңы үшін шүкіршілік етеді, бұйырған несібесін қанағат тұтады. Ондай адамдардың тілегі қабыл болып жатады.

                Халқымызда «жарлы бай болсам, бай құдай болсам дейді» деген бір мақал бар. Құдайға жетсем-ау дейтін  қанағатсыздар дәл бүгінде жетіп артылады. Бірақ, байығанның  бәрі адамшылықтан кетіп барады десек, күнәһар болар едік. Ел ішінде ізгілікті істерімен халықтың ақжарма көңіліне бөленіп жүрген азаматтар аз емес. Алақаны ашық, жаны жайсаң, жаңашыл кәсіпкерлер туралы мерзімді басылымдардан көптеген әдемі әңгімелер оқып та жүрміз.

                «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді қазақ, құдайдан қорықпаса қандай қанағат туралы ойлайды ол. «Қазір заман азды» деп жатамыз. Ал сол заман қашан түзу болып еді? Абай онда неге күңіренді? Немесе кешегі кеңес заманы түзу ме еді? Онда сол хатшының баласы хатшы, соттың баласы сот, бастықтың баласы бастық болып жататын. Неге сөйтетін? Өйткені игіліктің ең жақсысы соларда болатын. Ал олар қарапайым халықпен бірдей тұрмысты қанағат етпейтін. Қазір ше? Қазір еркіндік, байығың келе ме, мархабат, жолын тап та бай бола бер. Ал бұл жол мың сан... Жықпыл-жықпылы  қаншама?! Міне, құдайдан қорқу, қанағатшылдық  осы кезде керек-ақ.  Бай бол, адал жолмен байы, халыққа қарайлас.

                Біреудің қанағатсыздығы бірнеше пенденің несібесіне  келетіні бар. Өйткені, байлық деген шіркініңіз  көктен түспейді. Ол  қарапайым  жұмысшы мен қызметшінің табан ақы, маңдай терімен тапқан табысынан, салықтың  тайқазанына  қасықтап құйған үлесінен құралады.

«Көп түкірсе – көл» деген. Ал енді осы көлден шелектеп тұрып  көбік алатын қолы ұзындар нағыз қанағатсыздар...

                  Бағдат   Бейсенқызы.

Күнтізбе

« Шілде 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net