Міндетті медициналық сақтандыру межесі

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында Үкіметтің алдына қойған тікелей міндеттерінің бірі. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айрықша атап өтілген.

 

Біздің еліміз үшін бұл аса маңызды әлеуметтік реформа болмақ. Осыған орай бүгінгі таңда аудандағы медициналық мекемелер үшін де міндетті әлеуметтік сақтандырудың негізгі қағидаларын тұрғындар арасында кеңінен түсіндіруде.

             Міндетті медициналық сақтандыру ерекшелігі мен артықшылықтары туралы «Панфилов аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры,  Алматы облысы Мәслихатының депутаты Төлеу  Құмарбекұлы  САРПЕКОВ жауап  береді.

                                ***

            -Төлеу Құмарбекұлы, міндетті әлеуметтік  сақтандыру жүйесінің ең тиімді тұсы қандай?

         - Ұлт  денсаулығын       сақтау - мемлекет назарындағы         басты мәселе. Сондықтан медицина саласындағы бұл реформа халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған. Біріншіден, ел аумағындағы өзіңіз  қалаған кез  келген емханадан медициналық көмек аласыз. Екіншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қарастырылған қосымша барлық ақылы қызметтен  босатыласыз.  Басқа да тиімді тұстары баршылық. Мысалы,  сақтандыру жарналарын азаматтарға жұмыс беруші мекемелер төлейді. Ал, жұмыссыздар мен еңбекке жарамсыз азаматтар үшін жарна мемлекеттен аударылады. Бұл жүйе халықтың барлық топтары үшін медициналық және дәрілік көмектің тең  көлемі мен сапасын қамтамасыз етеді.

           -Бұл жүйеге қатысты сан түрлі пікірлер бар. Аға буын 1990 жылдардағы міндетті медициналық сақтандыру қорының қателігін  алға тартады.  Мұны қайталамас үшін қордың қаржылық  тұрақтылығы қамтамасыз етіле ме?

            -Қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуде түрлі тетіктер  қарастырылған. Біріншіден, қызмет коммерциялық сипатта емес аударымдар мен жарналардың  нысаналы  сипаты және олардың қайтарымсыздығы қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік міндетті сақтандыру қорының активтерін медициналық қызмет берушілердің қызметтеріне ақы төлеу үшін  айрықша қолдану көзделген. Бұл еліміздің  ашық инвестициялық саясаты.  Сонымен қатар қандай да  бір үшінші тұлғалар  тарапынан  әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры активтерінде өндірулерді   талап   етуге   тыйым   салынады.

         - Сақтандыру қорының халық үшін қажеттілігін айттыңыз. Ал, мемлекет пен қызмет берушілерге қаншалықты пайдасы бар?

          -Тағы қайталап айтайын, халық  амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі және  денсаулық сақтаудағы бейресми төлемдер деңгейі төмендейді. Еліміз үшін де  тиімділігі жоғары. Медициналық көмек жалпыға  ортақ болғандықтан, азаматтардың  жауапкершілігі де ортақ болады. Тұтыну көлемдерін теңгерімдеуге мүмкіндік беретін денсаулық сақтаудың қаржылық тұрақты жүйесі қалыптасып, нарықтық   тетіктері жетілдіріледі.  Қаржы ресурстарын  пайдалану тиімділігі артады. Ал қызмет берушілер үшін  еңбекақы төлеу жүйесі жетілдіріліп, бәсекеге қабілетті жалақы алу мүмкіндігі болады. Сондай-ақ, жаңа медициналық технологияларды енгізу арқылы негізгі құралдар уақытылы жаңарып отырмақ.

         - Егер сақтандырылмаған адам шұғыл түрде  көмекке мұқтаж болғанда емдеуге қалай жатқызылады? Азаматтардың өздерінен  ақы төлеуді талап ету арқылы сыбайлас жемқорлыққа жол  берілмей ме?

  - Менің ойымша қалтадан төлеу, керсінше  маңыздылығын жоғалтады. Жұмыссыз ретінде тіркелгісі келмейтін немесе салық төлемейтін адамдар      жоспарлы көмекке ақы төлеуге міндетті болады. Шұғылдықты бақылау сараптама бойынша және шұғыл жағдайлардың  тізбесінің негізінде жүзеге асырылады.

       - Бүгінде ақылы қызмет көрсететін жеке зертханалық орталықтар бар. Олар да  сақтандырумен қамтыла ма?

       -Бұл жерде  олардың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде жұмыс істеу ниетіне байланысты. Зертханалық қызметтер медициналық көмектің бір бөлігі ретінде міндетті  әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылады.

       - Сақтандыру болмаған жағдайда медициналық көмек көрсетуден бас тартуға бола ма?

         - Жарналарды төлемейтіндерге тек жоспарлы станционарлық көмек негізінде бас тартылады.

        - Ал жедел және шұғыл медициналық көмек қалай көрсетіледі?

        - Кейінге қалдыруға болмайтын шұғыл көмек барлық азаматтарға түгел көрсетіледі. Қазіргі уақытта  заңға сәйкес клиникалық белгілері және параметрлері бойынша шұғыл жай-күйі әзірленуде.

       -Ауданға уақытша істеуге келген шетелдік азаматтар көп. Олардың мәселесі не болмақ?

       - Еліміздің «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңына сәйкес  ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен  азаматтығы жоқ тұлғалар, сондай-ақ  оралмандар егер олар заңмен өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі құқықтарды қолданады.  Еңбекші мигранттарға  медициналық  көмек  мемлекетаралық келісімдер шеңберінде көрсетіледі. Егер ондай келісімдер болмаса,  онда еңбекші мигрантар әлеуметтік медициналық сақтандыру  шеңберінде медициналық  көмек  алады, ал қоршаған ортаға қауіп төндіретін аурулар кезінде  тегін емдейді.

       -Жұмыссыз  азаматтар  жайы  қалай  болады?

       - Салық төлемдерін жүзеге асырмайтын бейресми және  өнімсіз жұмыспен қамтылған халық  саны бүгінгі таңда  шамамен 2,5 млн адамды құрайды. Әдейі салық төлемейтін  адамдар  тек  жоспарлы көмек кезінде шектеледі. Халықтың бұл санаты үшін медициналық көмек алудың балама мүмкіндіктері бар: жұмыссыз ретінде тіркелу ұсынылған, онда   ӘМСҚ-қа  мемлекет төлейтін болады немесе өз қызметін заңдастырып, салықты жалпы қорға төлеуі қажет.

      - Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін жүзеге асыру қай кезеңдерді қамтиды?

      - Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі елімізде 2017-2024 жылдар аралығында біртіндеп енгізіледі. 2017 жылдан бастап мемлекет , жұмыс берушілер және  өзін-өзі  жұмыспен қамтыған азаматтар әлеуметтік медициналық   сақтандыру қорына жарна төлеуді бастайды. Ерекше сипаттағы азаматтар  үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі 2024 жылға қарай  орташа айлық  еңбек ақының 7 пайызын құрайтын болады. Ол бастапқыда 4 пайызбен  басталса,  одан арғы жылы 5 пайызға ұлғаймақ. Ал жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі  алғашқыда 2 пайызды  құраса, 2020 жылы 5 пайызға артатын болады. Бұл ретте 2020  жылға қарай кірісінің 7 пайызын қорға аударып отыратындар  өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар болмақ. 

    Бағдат   Бейсенқызы.      

 

 

 

 

            Ана бақыты

 

Қазақ  жұртына сан  ғасыр  атамекен  болған  сайын даланың  бір  бөлігі  жерұйық – Жетісудың  аймағындағы  әйгілі Жаркент жазирасының табиғаты талайды  тамсандырған. Осынау  аталмыш  Қоңырөлеңнен – Қорғасқа  дейінгі  аумақтың  батысында түгін  тартсаң май шығатын, суын  ішсең бал  татитын киелі  жерлер де  жетерлік.Мәселен,  Қоңырөлеңді  көктей  тілген Көктерек  өзенінің  жағасы, Атыжоқ  тау, Қойбынның  сайы,  өркеш-өркеш  Аққұм,  Айдарлы....

         Бұл өңірді  кезінде есімі  үш  жүзге мәшһүр Абылайдың  ұрпағы  Тезек  төре  де қоныс  еткен  екен. Осынау  Жаркент жерінің  қасиетін бойына  дарытып, елге тұтқа  болған, жұртының  құрметіне бөленіп, ұрпаққа  үлгі,  өнеге болған  тұлғаларымыз  баршылық. Сол  ұлт  жақсыларының көзіндей  болып, бүгіндері ортамызда  жүрген бойындағы  қарапайымдылығы  мен  тектілігі үйлесім  тапқан елінің  ардақтысы, әулеттің  берекесі, алтын  қазығы – Рысжан  Жарасбекқызы  анамыз. Қазақ  елі әу бастан-ақ,  ана есімін  асқақ  арман  мен  нәзік  сезіммен  байланыстырған  халық қой. Бұл дегеніңіз  жұбайлардың  өзара  сыйластығы, отбасындағы  береке, бала  тәрбиесі  мен денсаулығы, жандүниенің  кеңдігі. Ана махаббаты мен  аялы  алақанының жылуы  қашанда  болса  ыстық  ықылас пен  зор  ілтипатқа  лайық.

         Рысжан анамыз өткен  ХХ ғасырдың  сонау  қаһарлы  саналатын  1942 жылы  Айдарлы ауылының  жазықтау  беткейіндегі, Бықыбайдың  ашасы деген  жерде  көктем  мезгілінде  өмірге келген. Көп  ұзамай  әкесі соғысқа  аттанып, әкесінің  жүзінен бейхабар  сәби  бесікте  қала  берді. Сол бір ел басына күн  туған қиын-қыстау  заманда – жесір қалған  жас ана Сарқыт күндіз  шалғы шауып, орақ орып, шөп жиды, түнде мұңлы әуенмен  бесік  тербетіп, шерін  басты. Сонау қиын күндер артта қалып, анасы Сақыш өжеттігіне  басып  жесірмін деп жасымай, жоқшылық  пен  таршылыққа  мойымай  екі ұл, бір қызын  қал-қадірінше аялап өсіріп  ел қатарына  қосты.  Тағдыр тауқыметі шымырдай  шыңдаған  Рысжан жас күнінен-ақ  туған анасының, елінің әдет-ғұрыпын  бойына  сіңіріп  өсті. Ұлтының салт-дәстүрін  ұстанған,  ата-баба әруағын сыйлап өскен  аққұба, ашаң  жүзді  бойжеткенді  ауыл-аймақ  «текті қыз» деп, қадірлеген.

         Иә, жыл артынан жылдар  өтіп, арманы  алға жетелеген  есейген қыз  оқуға  да  ілікті. Көктал  ауылындағы  Абай  атындағы орта  мектепте оқушылық  өмір  де басталды. Араға біраз  уақыт салып, түрлі себептермен  Жаркенттегі  Ы. Алтынсарин  атындағы мектеп-интернатқа ауысуына  тура  келді. Өзі  сүйкімді, іске ұқыпты, достарына  адал  Рысжан жаңа  ортаға  тез  араласып, оқуын да жақсы  оқыды. Қоғамдық жұмыстарға  да  белсене  араласты, өзінің зеректігімен  сондай-ақ,  әншілік, бишілік  өнерімен  де көзге түсіп  айналасындағыларға  үлгі болды. 1959-1960 жылдары  оқуды үздік  бітірді. 1962 жылы Москва сауда  институтының  Алматы қаласындағы  сауда-саттық  бөлімшесінің  есеп аудит факультетін жақсыға тәмәмдап, Айдарлы  совхозында  малшаруашылық есепшісі болып  қызмет  істеді. Осы 1962 жылдың күзінде, жүрекпен-жүрек табысып, тілекке тілек  ұласып аталары  би болған, «асылдың сынығы», жас ақын  Әдепхан  Төреханұлымен отбасын құрды.

            1965 жылы Алматыдағы  бар қазақ аса қадірлейтін  ҚазПИ-дің  химия және биология факультетін бітіріп, Көктал ауылындағы  Абай атындағы орта  мектепте  химия-биология пәндерінен дәріс берген. Одан  кейінгі  1966 жылдан  бергі  уақытта,  зейнеткерлік  демалысқа  шыққанға дейін  Көктал  совхозының  «Күншуақ» балалар  бақшасында  есепші  болып жұмыс  істеп, 1993 жылы  «Ардақты ана» ретінде еңбек  демалысына  шықты. «Батыр ана»  Рысжан тәте  6 ұл, 4 қыз тәрбиелеп  өсіріп, ұлын ұяға,  қызын  қияға қондырған  бақытты  ана. Жұбайы   Әдепхан аға екеуі  аялап  өсірген  ұл-қыздарынан  42 немере,  10 шөбере сүйіп  отырған  жарасымды   жұп, берекелі  де  мерекелі,  аймаққа  үлгілі  жанұя. Балаларының  бәрі де жоғары  білімді, алды  академик, кейінгі  балалары  республика, облыс, аудан  және   мекемелерде  лауазымды  қызметтер  атқарып,  ел игілігі  үшін  адал  еңбек  етіп  жүрген  мерейлі  жандар.

            «Ана – әлемнің  тірегі» демекші,  қазақ  халқында ақыл-парасатымен, ерік-жігерімен, барша жұрттың құрметіне бөленіп  жүрген – Қарашаш,  Домалақ ана сынды  қасиетті  аналарымыз  да  баршылық. Міне,  осындай  қасиетті  аналарымыздың  сіңлілері, бүгінгі  күнгі еліне,  жұртына  үлгі  боларлық  Рысжандай  анамызға  75 жас!  Осынау мерейтойыңыз құтты  болсын – аса қадірменді  Рысжан  тәте! Сұлулық  пен  нәзіктіктің,  мейірім  мен  адалдықтың  бастауы  Сіздерсіздер - аналар асыл  жандар! 

            Сіздерге  қандай  марапат  жасасақ  та жарасымды, себебі, сіздер барша  адамзат  құрметіне  лайық  жансыздар.

                                          Қ. Ибрайымжанов,

                                          Жаркент  қаласы.