Ерлік мәңгі жасайды
- Толығырақ
- Жарияланды 14.03.2017 09:06
- Автор: Super User
- Категория: санаты жок
- Қаралды: 3772
Менің әкем Қадыров Юсуп /Юсупахун/ 1890 жылы Жаркент уездінің Хонахай ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келіпті. Бұғанасы бекіместен әркімнің есігінде жалшылықта жүріп күнін көріп тағдыр ерте есейткен екен. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін арнайы мектепте үш сыныптық біліммен сауатын ашып Жаркент уездік милициясына қатардағы милиционер болып орналасады. Бір топ қызметтестерімен түскен суреті Панфилов аудандық ішкі істер бөлімінің тарихи мұражайының алтын қорында сақтаулы тұр.
1921 жылы 6 ақпанда жолындағысының бәрін қанға бөктірген ақ патшаның генерал-лейтенанты, атаман Дутовтың көзін жоюға арналған «Сүйдін операциясына» өзге чекистермен бірге белсене қатысқаны жайлы тарихи деректердің Қытай Халық Республикасының Сүйдін қаласындағы мұрағаттарда жеткілікті екені бізге кейін белгілі болып отыр. Ал, негізінде мемлекеттік деңгейде арнайы ұйымдастырылған «Сүйдін операциясы» жайлы тарихи кітаптар мен әдеби шығармаларда жазылып, «Қазақфильм» киностудиясы оқиға желісімен «Атаманның ақыры» көркем фильмін түсіргені республика жұртшылығына кеңінен белгілі. Әкем осы ерен ерлігі үшін басшылық тарапынан күміс сағатпен және атаулы тапаншамен марапатталыпты.
Әкем шешеме үйленгенше үш-төрт әйелге үйленсе керек, біреуінен ғана екі бала болған екен, олар Ұлы Отан соғысына аттанып хабар-ошарсыз кетіпті. Ал, біздер бір әке-шешеден Рахметолда, Ақжол, Қасымхан есімді үш ағайынды болдық. Екі бауырым бақилық болып кетті. Содан кейінгі жылдары мен ес білгелі әкем Юсуп Қадыров «Гвардия» кеңшарының Айдарлы ауылында бөлімше меңгерушісі, егіс бригадасының бригадирі, тағы басқа да ауыл шаруашылық жұмысындағы орта буын маман лауазымдарында абыроймен еңбек етіп зейнеткерлік демалысқа шықты.
1966 жылы алғаш рет атаман Дутовтың көзін жою операциясы туралы республикадағы беделді басылым «Казахстанская правда» газетінде мақала жарияланды. Сол кездегі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының астанасы Алматы қаласынан бір орыс кісі келіп әкемді аудандық партия комитетіне шақыртқан хабары бойынша әкем төсек тартып жатқандықтан мен барып жолықтым. Әкем жөнінде өзіме белгілі жайттарды сұрап жазып алып бір хабарын беруге уәде жасап кеткенімен кейіннен ешбір хабар болмады. Сонда ғана мен әкемнен сол оқиға жайлы бізге не себепті ұзақ жылдар айтпағанын сұрағанымда ол асқан сабырлықпен жай бір қатардағы қарапайым оқиға тәрізді бір-екі ауыз әңгіме айтып берді.
Айтуынша ол атаман Дутовтың мықты күзеті бар қақпаның сыртында ішке кіріп кеткен Махмұттың атын ұстап тұрғанында іштен бірнеше мәрте тарс-тұрс еткен мылтық даусы шыққанын, қарбалас сәтте тәлтіректеп қақпадан әзер шыққан Махмұтты атына өзі, іштен шыққан екінші адам Көдекті өзімен бірге сыртта күтіп тұрған тағы бір жауынгердің мінгестіріп жедел түрде жан дәрмен атпен шауып, қуғыннан қашып құтылып кеткендерін ғана баяндап берген еді.
Есімде қалғаны әкем ірі денелі, өте қарулы адам еді. Бас бермейтін небір тарпаң асауды құлағынан ұстап алып ұрып жыға салатын. Үйдегі тірлікке баулуға шебер әкем мені Айдарлы ауылынан бес шақырым қашықтықта орналасқан «Жалпақ төбе» егіс бригадасының алқабына атына мінгестіріп алып жүретін еді. Мінезі салмақты, әзіл-қалжыңды жақсы көретін, ауылдың Сембай, Ысқақ,, Шапан сияқты данагөй ақсақалдарымен жақсы сыйластықта болды.
Атақ-даңққа құмарлығы жоқ, қарапайым тірлігімен, өнегелі ісімен ортасына үлгі болған, Жаркент өлкесіне жаңадан орнаған жас мемлекетке іргелес аумақтан төніп тұрған аса қауіпті қатерді басын өлімге тігумен біржолата жойып, халықтың бейбіт өмір сүруіне өз үлесін қосқан қаһарман әкем Юсуп Қадыровтың есімі ардақталып, үстіміздегі жылдың 17 наурызы күні өзі еңбек еткен, ұрпақтары өсіп-өнген Айдарлы ауылының бір көшесіне есімі беріліп, ұрпақтары атынан үлкен ас берілмек.
Ерліктің мәңгі жасайтыны шындық.
Ақжол Юсупов,
Жаркент қаласы.