Әйел - отбасы шамшырағы

http://turizm-hit.ru/

Қазақ қыздары қашан да, қандай  істе де намысты қолдан бермеген. Ел басына күн туғанда да бұрымын бөркіне түйіп, бүрме етегін шалбарға ауыстырып, ерлермен қатар елін қорғаған. Хан – қараларға ақылшы болып, күллі бір қауымның анасы атанғандары қанша ма! Қазіргі заманда да қазақ әйелдері қанға сіңген әдетімен бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп, түзде – жақсы басшы, үйде жақсы жар болып жүр. Панфилов ауданында да қарым-қабілеті мен іскерлігі жағынан ел көзіне түсіп, қоғамға пайдасын тиігізіп жүрген бибілеріміз баршылық.

 

                Солардың ішінде аудандық зейнетақы   төлеу орталығының басшысы Айсұлу Шубаеваны ерекше атауға лайық. Ол басшылық қызметте ғана емес, ардақты ана, асыл жар   ретінде  де  өзгеге  өнеге.

                Айсұлу Шубаеваның өмірбаянын  парақтап  отырсақ, оның қай істе де көшбасшы болғанын байқайсыз. Мектепте оқушылардың алды болып, үздік бітірді. Ал университетті де қызыл дипломмен аяқтады. Мемлекеттік қызметте жүрген ұзақ жылдардың ішінде ер азаматтардан қалыспай еңбек етіп, бәсекеге қабілетті іскер басшы ретінде өзін көрсете білді. Байырғы жаркенттіктер де, әріптестері де Айсұлу Әтейқызын ер мінезді, қайсар жан ретінде жақсы біледі.

                Оның пікірінше, басшы болу – нағыз әйелге тән қызмет. Себебі, өздігінен шешім қабылдай алатын лауазымға әйелдің сезімталдығы, нәзіктігі көбірек қажет. Британдық әйгілі      саясаткер Маргарет Тэтчердің «егер бір істі әдемі жасағыңыз келсе, оны әйелдерге тапсыр» деген қанатты сөзі бар. Әйел заты кез келген істі жауапкершілікпен атқара біледі. Оның табиғаты, әсіресе, әлеуметтік салаға бейім. Жұртшылықты көбіне әлеуметтік мәселелер толғандырады. Сол себепті басшы болу – нәзік жандылардың қолынан келетін  шаруа- дейді өзі.

                Айсұлу Шубаеваның мінезі де ерге тән. Бірақ барлық нәрсенің рет-ретімен тұрғанын жақсы көреді.  Жоспарға алған жұмыстарын қағазға қаттап жазып отырады. Оларды қолма-қол шешіп тастауға тырысады. Ал уақытты қажет ететін, тікелей өзінің қолындағы шаруасы емес дүниелерді қағазға түртіп, жұмыс үстелінің үстіне қаттап қоятын әдеті. Көз алдында тұрғаннан кейін ол мәселелер бір жақты болмайынша кейіпкерімізде тыныштық жоқ.

                Айсұлу Шубаева әйел болып, сыланып-боянуды ұнатпайды. Есесіне жасаған тағамы тіл үйіреді. Әсіресе, Айсұлу Әтейқызының пеште баптап әзірлеген тағамдарының дәмін татқан да, татпаған да арманда. Ол қанша жұмысбасты болса да отағасы мен балаларын ыстық тамақсыз қалдырған емес.

                -Кейде қулыққа басып, ертеңгі тамақты кешкісін әзірлеп кететінім бар, - дейді күліп Айсұлу тәте. – Менің жеке аспазым жоқ. Ұстаған да емеспін. Әрі біздің үйдің адамдары бөтен қолдан әзірлеген тағамды жегенді аса ұната бермейді.

                Айсұлу Шубаеваның айтуынша басшылар да ет пен сүйектен жаралған, олардың да бір басында қиындықтары, проблемалары болады. Ол шаршаған кезде бір сәт  фильмдер көргенді ұнатады екен.

                Айсұлу Шубаева қол астындағы қызметкерлеріне өзінің ұлы мен қызындай қарайтынын айтып қалды. Ұжымда жылы атмосфера қалыптастыру, қызметкерлерін қолдап-қорғап, олардың білмегенін үйретіп, өзі де олардан үйреніп отыру – оның негізгі ұстанымдарының бірі.

                Кез келген адамды тану үшін онымен бір сәт әңгімелесіп, ішкі жан дүниесіне ену керек. Біз бұрын Айсұлу Әтейқызын басшы ретінде танығанымыз болмаса, бітім-болмысын біле бермейді екенбіз. Әңгімелесу барысында, ол кісінің жігерлі, рухы биік жан екеніне көз жеткізе түскендей болдық.

         Бағдат   Бейсенқызы.