РУХАНИЯТТЫ ИСЛАМ - ӨРКЕНИЕТ ДІНІ
- Толығырақ
- Жарияланды 31.03.2017 04:21
- Автор: Super User
- Категория: санаты жок
- Қаралды: 3749
Қазіргі таңда көптеген адамның берік сенімі болған Ислам діні әлемдік діндер қатарында. Бұның бірнеше себептері де бар. Соның бірегейі – Ислам адамзаттың күнделікті талаптарына жауап бере білуінде және рухани құндылықтарды толық қамтуында. Осы негізде де Ислам дінін нық сеніммен өркениет діні деп айтуға болады. Ислам дінін тек намаз, ораза, зекетпен шектегендер өрескел жаңылысады. Негізінде, Ислам өзіне тіршіліктің тек рухани шеңберін қамтумен ғана тоқталмайды. Жоғарыда айтылғандай, адамзат тіршілігінің барлық саласын қамтиды. Ғаламдық өркениеттің бір бөлігін ғылым құрайды. Ғылым, оқу - білімге ұмтылысты, дүниетанымды кеңейтуді, адамды таным-білімге жетелейді.
Бұған да дәлел баршылық. Мәселен, пайғамбарымызға түсірілген бірінші уахиінде-ақ «Оқы, біл, үйрен» деген талап қойылған болатын. Құранда «оқы» деген мағынаны білдіретін - 87, ғылым деген мәндегі және сол мәннен тарайтын - 780 сөздің кездесуі бізге айқын дәлел.
«Екі күні бірдей өткен адам зиянда» деп, күн сайын білімге білім қосып отырудың қажеттігін ескерткен пайғамбар Мұхамедтің де оқуға, ілім үйренуге шақыратын хадистері көп. «Садақаның ең жақсысы – ілім үйреніп, оны басқаларға үйретуі» деген хадисін баса атап өтуге болады. Кез келген елдің болашағының жарқын болуы ғылымның дамуына байланысты. Осы себептен де білім беру жүйесін мемлекеттің, қоғамның күретамыры деп айтса болады. Ислам тарихынан белгілі, мұсылмандар сонау бастан-ақ білімге ерекше көңіл бөліп, оған құштарлық танытты. Исламның бастапқы дәуірлерінде-ақ пайда болған Медина, Мекке, Куфа мен Бағдаттағы медреселер мен ғылым ордалары – соның айқын айғағы.
Мұсылмандар адамзат табиғатына тән теңдік пен үйлесімділік өркениетін құра білді. Осы себептен Ислам дінінен рух пен материя, діни сенім мен ғылым үйлесімділігін анық көреміз. Кезінде Ислам халифатындағы медреселерге парасаттылыққа қол жеткізуді көздеп мыңдаған өзге дін өкілдері ағылып келетін болған.
Ислам саналылыққа үндеп, Құранға сүйенумен қатар, логика мен ғылымды пайдалануға шақырады. Осы жағдай кезінде ғылымның түрлі саласы дамуына елеулі септігін тигізе білді.
Адамзат тарихында ғылыми даму мен мұсылмандық идеологияның арасында ешқашан қарама-қайшылық болмаған. Сол үшін де мұсылман ғұламасы дін ғалымы болумен қатар, ғылымның түрлі саласының көрнекті қайраткері бола білген. Бір ғажабы, мұндай ерекшелік тек мұсылман ғалымдарына тән сипат болып келеді. Мысал ретінде Хорезми, Фараби, Ибн Хайсан, Ибн Сина, Ибн Нафис сынды мұсылман өркениетінде көшбастаушы ғалымдарды айтсақ болады. Бұл аталған әрбір ғалымның сиялы сауытымен жазылған еңбектері жүздеп саналады.
Өркениетте бүгінгі таңда мәдениеттану, антропология, және социология саласының теоретиктері дінді мәдениеттің ең маңызды құрамдас бөлігі деп санайды. Дінсіз қоғам, мәдениет және өркениет те болмас еді. Бүгінгі күні дүние жүзінде орын алып жатқан саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық оқиғалардың негізінде діни факторлардың бар екенін айтып кету жөн. Дін осы салаларға бағыт бағдар беретін күштің бірі.
Р.Мағрупова,
Панфилов ауданы
әкімінің орынбасары.