Шыбық шаншы, ағайын, немесе ағаш еккенді ұрпағы ұмытпайды

Қайда барсаң да алдыңнан ағаш шығады.  Бір жерде көп, бір жерде сирек. Көп болса, жері көрікті  екен дейсің, адамдары жерін қадірлейді екен дейсің. Әрине, көңіліңде өңірдің табиғаты да тұрады, бір жер сол ағаштың өскеніне қолайлы, екінші жерде   зорлықпен  адамның қамқорлығымен ғана өседі. Ал үшінші бір жерде ағаш жоқ. Сұрқай көрінеді. Табиғаты ғана емес, адамдары да өз жерін аяламайтындай қатыгездеу көрінеді. Кей кезде сол табиғаты қаталдау дейтін өңірде де өсіп тұрған ағаштар бар. Көзіңе оттай басылады. Соны өсірген адамның жүрегі мейірімге толы шығар деген ой жаныңды желпиді.

 

                Еліміз кең байтақ. Бүгін әлем елдері арасында жер көлемі жөнінен тоғызыншы орындамыз. Сол кең байтақ жерімізде орман тапшылау. Тек 4,5 пайызы ғана орманды жер екен. Соның өзінде самсаған биік ағаштары бар, арасында адам адасарлық қалың орман бір пайыздай ғана, басқасы тау, өзен алқаптарында өсіп тұрған орман-тоғайлар, құм ішіне біткен сексеуіл іспеттес бұталы ағаш өскен жер болса керек. Одан кейін адамдардың қолымен егілген, қайырымды жандардың мейірім шуағына көміліп тұрған алқаптар да бар. Көзге алдымен түсетіні солар. Адамдар жеріне мейірімін төксе, ол жасыл желекке оранады екен-ау дейсің.

                Жердің көркі тал болар... Халық солай дейді. Ағашы мол болса, жері көркем екен дейміз. Табиғаттың сыйлағаны болар. Сөйтсе де ол алдымен адамдарға байланысты. Олар қамқор болмаса, сол орманды, әсіресе, бүгінгі техника заманында, ағаштың құны артып тұрған заманда бірнеше жылда-ақ тып-типыл  етер еді ғой. Тіпті қызғыштай қорығанның өзінде қулардың суық қолдары орманға тиіп жатады: біреулері орманды өртеп, сол арқылы жанған жердің ағашын  алуға  жол табады, енді біреулері  орманға санитарлық тазалық жүргіземіз деп, қураған, құлаған ағаштарға қоса сау ағашты да отайды.

                Қарап тұрсақ, сол ағаштың қамқоршысы да, жауы да адам сияқты. Сөйтсе де жаулығынан гөрі қамқорлығы  басым-ау. Әйтпесе, орман, тоғай, ағаштар әлдеқашан құрып кетер еді ғой.

                Ағаштар кей жерде күтімсіздікке  ұшырап,  мықтап сиреп қалған. Әйтпесе елді мекендердегі ағаштардың бәрі қолдан егілген ғой. Онсыз ауылдардың  сәні бола ма? Тағы осынау іске біреудің белсенді, біреудің самарқаулығы көрініп тұрады. Жұрттың бәрі белсенді болса, үйінің маңын ағашқа толтырса, жеріміздің көркі басқаша болар еді-ау деген ой қабаттаса кетеді.

                Ағаш бар жерде өмір мәндірек. Оның көлеңке, сая екені өз алдына, ауаны тазартар таптырмас құрал екенін қаладағылар ғана емес, ауылдағылар да біледі. Тіпті болмағанда аптап та ыстық желдің екпінін басатын, ықтасындық қызметі  ше?   Жалпы, ағаштың адам игілігі екенін дәлелдеудің әйтсе де қажеті жоқ-ау.

                Біздің еліміз үшін ағаш егудің орны бөлек. Ендеше шыбық шаншы, ағайын. Өйткені ағаш еккенді ұрпағы ұмытпайды.

Бағдат   Бейсенқызы.                                                                                                                      

Күнтізбе

« Шілде 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31          

booked.net