Су -табиғи тіршіліктің көзі

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың  Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»  атты Жолдауында «Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің болашағы зор. «Астық өнімдері бойынша біз Еуразияда  «нан карзеңкесі» болуымыз керек.

 

Жерді пайдалану тиімділігін  арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%  - ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет», -делінген болатын.

            Елбасының биылғы  Жолдауына қолдау  көрсеткен «Қазсушар»  Алматы филиалы  Панфилов өндірістік учаскесінің ұжымы  ауданымыздағы су тораптарын жөндеулерден  өткізіп, суармалы алқаптардың көлемін ұлғайтуды мақсат етуде. Атап айтқанда, биылғы жазда Тышқан су  торабы арқылы Сарыбел,  Тұрпан, Садыр сияқты елді мекендердегі шаруа қожалықтары сумен толық қамтылды.  Өткен жылдарда  су тапшылығынан  игерілмей бос қалған алқаптарды игеруге мүмкіндік туды.

 

            «Су - жер нәрі» - деп  халық бекер айтпаған.

            Бүгінгі таңда жазиралы Жаркент өңірінің  диқандары көктемгі егіс – дала жұмыстарын  бастап кетті. Шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз ету  мақсатында Қазақстан Республикасы ауылшаруашылық Министрлігі «Қазсушар» Алматы  филиалы   Панфилов өндірістік учаскесінің  жұмысшылары Тышқан су торабын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.

            Тышқан су торабының  төменгі және жоғарғы сағасында ұзындығы625 метржерге  бөгет жасалынды. Бөгетті тасыған су бұзып кетпеу үшін  арнайы темір торлар жасалып, оған тас толтырылған. Екі қатар етіп тізілген бұл құрылғылар тау суының тасқынына төтеп береріне  сенуге болады. 

            Тышқан су торабын жасауға қатысқан 80-нен астам адам жұмыс сапасына  баса назар аударды. Негізінде Тышқан өзенінің жүйесі  бойынша5883 гектаралқап сумен қамтамасыз етілуі керек болса,  осы жөндеуден кейін  бұл жүйе бойынша7000 гектаралқап суарылады.

            Қыс бойы су торабын  жасауға арналған  темір құрылғыларды  жасап, ерте көктемде ширақ қимылдаған Панфилов  өндіріс учаскесінің  жұмысшылары ұйымшылдықпен еңбек етті.  Қысқа мерзімде жөндеу жұмыстарын аяқтады. Өткен жылы Шежін өзенінің су торабы қайта жасалып, бос  жатқан гектарлар сумен қамтамасыз етіліп игерілген болатын. Аудан көлемінде41745 гектаралқап суармалы болса, 3121 су пайдаланушылармен келісім шарт жасалған.  Панфилов  өндірістік учаскесінің меншігінде 5 бөгетті гидроторап бар. Одан басқа287,25 километршаруашылық аралық  жүйесі жұмыс   істейді.

            Панфилов  өндірістік учаскесіне қарайтын  Өсек өзені17255 гектар  алқапты суландырса,  Бурақожыр өзені арқылы3592 гектар, Шежін өзені арқылы896 гектаржәне Достық өзенінің жүйесі14119 гектаралқапты суландыра алады. Өткен 2016 жылы су пайдалану жұмысы  артығымен орындалып, бюджетке 85787920 теңге  кіріс кірді. Тоқтарбай Әкімұлы Керімқұлов Панфилов  өндірістік учаскесін басқарғалы бері жаңадан 1 Камаз автокөлігі, 1 экскаватор, жүк тиегіш трактор (погрузчик) және «Нива» автокөлігі мен 15 компьютер өндіріс саласында жұмыс жасау үшін  сатып алынды.

            Кәсіпорында 33  инженер – гидротехник, 15 канал технигі, 46 су реттеуші, 7 механизатор, тағы да басқа мамандық иелері еңбек етеді.

            Тасқын судың әсерінен су тораптарының жиі бұзылып тұратыны баршаға аян. Бұл күндері магистралдық  каналдар мен гидротораптар тастан тазартылып,  қорғаушы бөгеттерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.  Атап айтқанда  Өсек су торабының селге төзімділігін  арттыру үшін темірмен құрсауланған тастарды тізіп, жөндеу жұмыстарына 67 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Әшір, Қызылауыз, Садыр, Аяқ-құнша  магистралдық каналы және Шежін, Өсек, Тышқан гидроторабы толығымен қалпына келтірілді.  Ондағы атқарылған жұмыстар өз күштерімен сапалы жүргізілді.  Су тораптарына 163 су өлшегіш қондырғы  орнатылған.

            Панфилов  өндірістік учаскесінде еңбек тәртібі қатаң сақталады. Соңғы жылдары жаңа техникалар сатып алынып, еңбек өнімділігі  еселеп арта бастады. Онда жұмыс істейтін адамдарға барынша қолайлы жағдайлар жасалған.

            Кәсіпорынның ауласында механизаторлар үйі жұмыс істейді. Ішінде киім ауыстыратын, жуынатын, тамақтанатын бөлмелері бар.

            Өндірістік учаске бастығы Т.Керімқұловтың айтуынша, болашақта бірнеше цех ашу ойластырылуда. Өзі осы жұмысқа  кіріскелі бері қарауындағы азаматтарға материалдық көмек көрсетіп жүрген кәсіпорын басшысы «Жаңа - Әшір» магистральді каналының бойындағы, тағы басқа жерлердегі қызметтік үйлерді жөндеуден өткізуді қамтамасыз  етті. Сондай-ақ кәсіпорынның айналасын көркейтіп,  абаттандыру жұмыстары да ойдағыдай жүргізілген.

            Кәсіпорын қала орталығынан                                           алыстау болғандықтан жұмысшыларды арнайы көлікпен тасымалдау жолға қойылған.

            Осындай игі істің басы – қасында жүрген Панфилов  өндірістік учаске басшысы Тоқтарбай Әкімұлы басқарған ұжым биыл да диқандарды ағын сумен толық қамтамасыз ету үшін ұйымшылдықпен еңбек ете  бермек.

Жұмағазы   Бейсебек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Панфилов ауданының «Құрметті  азаматы».