Мақсат - айқын, бағыт – белгілі

Бұл  Жолдау  арқылы Мемлекет басшысы алдағы  жылдардың жарқын жобалары мен жоспарларын  тайға таңба басқандай етіп  белгілеп берді. Жолдаудың  әр бағыты ел  экономикасының  іргетасын  нығайтып, жетістіктеріміз арқылы әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ілігуге ұмтылдырады. Экономикасына қарап, елінің келбетін тануға болатын болса, қазіргі Қазақстан әлемге танымал, алдыңғы қатарлы өркениетке ұмтылып отырған бірден-бір мемлекет екендігі сөзсіз.

 

            Қазақстанның  әлемге танымалдығын дәл қазіргі таңда елімізде өтіп жатқан «ЭКСПО-2017»  Халықаралық  көрмесіне алыс-жақын шетелдерден келіп жатқан қонақтардың  көзқарасынан  да  байқауға болады. Осы көрменің басты тақырыбына  айналып отырған «Жасыл экономика» ел болашағының басым бағыттарын аңғартса керек.

            Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында міндеттелген нақты тапсырмаларды орындау бойынша көптеген  іс-шаралар  ауданда да қолға алынып, жүзеге асырылу  үстінде. Десек те атқарылар жұмыс та, мүдде де баршамызға ортақ. Кез келген мәселені ашып көрсетіп, жан-жақты талдап, саналы  түрде  шеше  алсақ, талай белестерді бағындырып,  Мемлекет басшысы  айтқан бәсекеге қабілетті, өркениеті  жоғары ел қатарына жете алатынымыз сөзсіз.

            Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық  бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айқындалған мемлекеттік  саясаттың басты мақсаты-ел экономикасының  бәсекеге  қабілеттілігін  арттырып, халықтың  әлеуметтік әл-ауқаты мен адам капиталы сапасын жақсарту  болса, ауданда тұратын әлеуметтік қолдауға зәру, көмекке мұқтаж  жандарды қамқорлыққа алып, оларға  әлеуметтік   қолдау  көрсетуге айрықша мән беріліп келеді. 

            -Жолдауда  аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналу керектігі де аталды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін  6 кешенді стратегиялық міндет айқындап, олардың агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асыруды  тапсырды.

            Мемлекет басшысы 2017 жылдың 14 ақпанында №420 Жарлығымен жаңа мемлекеттік бағдарламаны бекітті, сонымен қатар, оны жүзеге асыру бойынша іс-шаралар Үкіметтің  13 наурыздағы №113 қаулысымен бекітілді.

            Бағдарламаның  мақсаты - нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді қамтамасыз етті. Алға қойылған мақсатқа жетуді көздейтін негізгі бағыттар мен тиісті  шараларды қамтитын 8 басты міндет  белгіленді: Біріншісі: ауыл  шаруашылығы кооперативін  құру, екінші  міндет - ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға бағытталды, үшінші міндет - мемлекеттік қаржылық қолдау шараларын тиімді пайдалану мәселесін қамтиды.  Елбасының Жолдауында бұл міндетке қатысты субсидиялау қағидасын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу механизмін енгізу тапсырылды.  Төртінші  міндет - су ресурстарын тиімді пайдалану, бұл алқа мәжілісінде кеңінен  қаралды.  Бесінші  міндет - жер ресурстарын тиімді пайдалануды көздейді. 

            Елбасы Жолдауындағы еңбек өнімділігін арттырып, өндіріс шығынан төмендету - жаңа технология енгізумен, минералды  тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын ауқымды қолдану, озық ауыл шаруашылығы техникасы мен  жабдығын сатып алумен байланысты. Алтыншы міндет - техника, технология және химиялық құралдармен қамтуға бағытталды. Жетінші міндет - сауда логистикалық  инфрақұрылымды дамытуды көздейді.

            Бағдарламаның  сегізінші  міндеті - Елбасы Жолдауындағы өндірісте  сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге  инвестиция көлемін арттыру тапсырмасын қамтиды.

            - Елбасының Жолдауын насихаттай отырып, тапсырмалар мен бағдарламаларды толықтай орындауға бар күшімізді саламыз»,-дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жұмағазы Наймантаев.

            Бағдарламаның  басты бағытында айтылғандай Көктал ауылдық округінде 32 адамнан сүтті бағыттағы ауылдық тұтынушылар кооперативі құрылса, жаркенттік Абдул Қадырахунов тері, жүн өңдейтін «Ақсұңқар» ЖШС зауытын құрып, қазіргі уақытта жұмыс  істеп тұр.

            Биылғы жылы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында  насихаттау жұмыстарын жүргізуде. Өндірістік кооперативтер  құрылып, ауыл шаруашылығын қолдау қорынан несие алу арқылы ауыл шаруашылығын дамытуда.

            «Жетістік кеңесе  білген жерде» деген халқымыз, ортақ істе  кеңесе  білсек  ауданымыз-тірлік пен ырыстың мекеніне айналып, бәсекеге қабілетті ел болатынымыз  белгілі.

Бағдат   Бейсенқызы.