Білім ошағына - 90 жыл

05.04.2019ж

Ауданымыздағы тарихы тереңде  жатқан білім ошақтарының  бірі - Ават ауылындағы орта мектеп. Жуырда осы мектеп 90 жылдығын  салтанатты түрде атап өтті.

 

    Торқалы тойға алыс – жақыннан шақырылған түлектер, зейнеткер ұстаздар,  ауыл ардагерлері мен мектеп директорлары қатысты.

    Мектептің 90 жылдық торқалы тойына арнайы келген  зиялы қауым мектеп ауласына       ағаш     көшеттерін отырғызды.

    Қонақтар мектептің ішін аралап, көрнекіліктермен безендірілген сыныптарды көрді. Мектептің  спорт залында  салтанатты жиын басталып,  мектеп директоры Бақытгүл Қорғасбаева баяндама жасады. Мектеп тарихынан қысқаша мәлімет  берген соң жасұландардың құттықтауы болды.

    Шара барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Т.Қастеев, Пенжім ауылдық округінің әкімі Е.Оспанбаев, ауыл ардагері А.Марипов, аудандық мәслихаттың депутаты М.Әжібеков, зейнеткер ұстаздар Т.Көншібаева, Т.Өмірбаев, А.Азизова, Н.Тоқтаев, А.Бейсенбаева, полковник Т.Балғабаев және басқалары сөз алып  өткен  жылдарды еске түсірді.

    Алматыдағы мұғалімдер  білімін жетілдіру институтынан келген педагогика ғылымдарының кандидаты М.Валиева мектеп ұжымына арнаған «Алғыс хатын» осы оқу орнының  директоры Б. Қорғасбаеваға табыс етті. Сондай-ақ мектеп кітапханасына  мұғалімдерге қажетті әдістемелік нұсқаулықтарды сыйға тартты.  Сонымен бірге мектеп мұғалімдерінің  баспадан шыққан жинағының алғашқы данасын ұсынды.

    Шара барысында театрландырылған көрініс көрсетіліп,  көркемөнерпаздардың  концерттік бағдарламасы тамашаланды.

    Тоқсан жылдық  тарихы бар Ават ауылындағы  орта мектептен көптеген еңбек майталмандары мен атақты ғылыми  қызметкерлер шықты. Олар еліміздің  экономикасы мен  мәдениетін дамытуда еселі еңбек етуде.  Оларға мектеп ұстаздары мен оқушылары жылы лебіздерін айтып, құрмет көрсетті.

    Шараға қатысушылар «Ниа-Гара» мейрамханасында  болып мерекелік дастарқаннан дәм татып аттанды.

Жұмағазы  Бейсебек.