Емханаға тіркеу науқаны аяқталды

Биыл қыркүйек айының 15-нен бастап еліміз бойынша емханаға тіркелу науқаны басталған болатын. Оған қазақстандықтар үлкен қызығушылықпен қатысты. Емхана таңдау құқығын 300 мыңға жуық қазақстандық пайдаланған.

     Басқаларға қарағанда Шымкент, Алматы, Астана қалалары, Түркістан, Қарағанды және Алматы облыстары ерекше белсенділік танытты. Медициналық сақтандыру қорының Алматы облыстық филиалының директоры Сәбит Құралбектің сөзіне жүгінсек, емханаға тіркелу науқанына берілген 2 ай уақыт ішінде Алматы облысында 12000 адам емхананы таңдау арқылы тіркелген. Оның 15% мемлекеттік медицина мекемелерін таңдаса, 85% жеке меншік клиникаларды қош көрген.

     Емханаларға тіркелу науқанына Жетісу аймағы бойынша алғашқы медициналық көмек көрсететін 35 мекеме қатысқан, оның 8 жекеменшік. «Жетысу-Z» ЖШС, «Қаскелең ақылы медициналық орталығы» алғашқы медициналық–санитарлық көмек  көрсетуге дайын екендігін көрсетіп,    тұңғыш рет халықты емхана ретінде өзіне тіркеді. Ал облыс азаматтарының көпшілігі «Нур-Авиценум» мемлекеттік емес мекемесін, «ID Senim R», «Жетысу-Z», «Медицинский центр ХАК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін, Қарасай аудандық ауруханасы, Қаскелең ақылы медициналық орталығын таңдаған.

     Медициналық сақтандыру қорының Алматы облыстық филиал директорының айтуынша, кампания нәтижесі бұл бастаманың Астана, Алматы сынды ірі қалалар үшін ғана емес, аймақтар үшін де маңыздылығын көрсетіп берді. Бұл жолы қазақстандықтардың басым бөлігі емханаға өздері барып тіркелсе, 13,5 мыңға жуығы egov.kz порталы арқылы онлайн тіркеу қызметін таңдады. Шара барысында бұрын-соңды тіркеуге тұрмаған тұрғындар қалаған емханасына барып тіркелуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, бұл науқан азаматтардың медицина мекемесін таңдау құқығын іске асыруға мүмкіндік берді.

     Дәрігерлердің жұмысын едәуір жеңілдетіп, кезекті қысқарту мақсатында емханаға тіркелу барысында шектеу де қарастырылған. Мысалы, бір жалпы практика дәрігеріне 1700 адам ғана тіркеле алады. Бұл көрсеткіш былтыр 2000 адамды құраған болатын.

     «Бұл дегеніміз біздің ойымызша жаңа учаскелерді құруға ынталандырады. Осы мәселеде біз медициналық бизнестің белсенділігіне сенеміз. Өйткені, былтырдан бері қорға қаржы аударушылар саны ұлғайып келеді»,- дейді бұл мәселемен терең айналысып, түбегейлі зерттеп келе жатқан қор филиалының басшысы           

    Гульназия  Мұстапова,

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

КЕАҚ  Алматы  облысы  бойынша

 филиал  сарапшысы.