Мейірімі мол дәрігер

01.11.2019ж

Мемлекет басшысының еліміздің халқына жолдаған Жолдауында экономикалық-әлеуметтік биіктерге көтерілу үшін рухани байлықтың, денсаулықтың қажеттілігі көрсетілгендігі мәлім. 

Ал денсаулықтың мықты болуы бүгінгі таңда еңбек етіп жүрген әрбір ақ халатты абзал жандарға байланысты.Әлемдегі ең жақсы мамандық қандай? Бұл сұраққа нақты жауапты ешкім бере алмайды. Кімнің еңбегінің маңызы артық? Дәрігер әлде ұстаз, шахтер немесе көлік жүргізушісі? Әрбір іс, әрбір мамандық маңызды. Өз өмірін маңызды және пайдалы іске арнаған адам нағыз батыр десек артық айтпаймыз. 

     Еңбек етпей бақытты өмір сүру мүмкін емес. Ал, жаның сүйетін іс өзгелерге пайдалы болса, одан басқа пенделік бақыт жоқ шығар. Батылдық, жан жылуы, өзгелерге жәрдем беру-барлық дәрігерлерге тән қасиет. Дәрігерлер жүрегінде Гиппократ антын сақтап еңбек етеді, өмір сүреді. Біздіңше, дәрігер мамандығы-мамандық атаулының ішінде ең абыройлысы.
      Осындай абзал жандардың бірі - ШЖҚ Панфилов аудандық орталық ауруханасының МКК-ның аға акушеркасы Раушан Омарқызы Бурабаева.
Раушан Омарқызының бұл мамандыққа деген қызығушылығы 1981 жылы Талғар қаласындағы медицина колледжін бітіріп, Үлкеншыған ауылындағы ауруханасында акушерке болып қызмет атқарып жүрген кезден басталған еді. Жас маман әйелдердің босану кезіндегі толғағын, өмірге келген сәбиіне деген аналық махаббатын көрген кезде дәрігер үшін адамға ана болу бақытын сыйлаудан өткен бақыт жоқ екенін сезінді. Ал 2001 жылы Панфилов аудандық ауруханасында әйелдер кеңесі-акушерка, аға акушерка болып еңбек етіп, әйелдер кеңесінің жұмысын жаңаша бағытта жүргізіп, жүкті әйелдермен жұмыс істеу тәсілін жетілдіре түсті. Еңбек өтілі 38 жыл. Зымырап өтіп кеткен сол жылдардың әр парағын ақтарған сайын оның жүрегіне бір жылылық ұялайды. 38 жылда дәрігердің алдына кімдер келіп, кімдер кетпеді?!
     Раушанның алдына келген әрбір науқас оның өз ісіне берілген еңбекқорлығы мен жігеріне бірден тәнті болады. Өз мамандығының білгірі, білікті дәрігер екендігі байқалады. Жалпы, бұл емханада Елбасымыздың тапсырмасына сай халыққа медициналық көмек көрсетуді жақсарту жөніндегі іс-шаралар өз деңгейінде жүзеге асып жатқандығының куәсі боласыз. Кәсіби біліктілігі жоғары дәрігерлер адам денсаулығын жақсарту жолында жасаған абзал еңбектері үшін талай жанның алғысын арқалап келеді.
     Ақ халатты абзал жан әр науқастың жанына желеу болып, ауруға қарсы тұрып, саулығын қалыптастырып қана қоймай, қоғамның басты байлығы саналатын адам өмірінің сақшысы бола білген медицина қызметкерлері қандай алғысқа да лайық. Раушан Омарқызы да осындай ел алғысын арқалап жүрген дәрігердің санатында. Емнен бөлек, адамның ішкі жанын түсініп, дем берген білікті маманға айтар менің де алғысым ерекше.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жанға дауа, дертке шипа сыйлаған абзал жанның жақсылығын қағазға түсіріп, ризашылығымды білдіргім келді. Алғыс арқалаған дәрігердің қиын да жауапты еңбегіне табыс тілеймін. Әрқашан ел сенімін ақтап, қошеметке бөлене беріңіз.
Дәрігер Раушан Бурабаева ұжым арасында сыйлы, құрметті, тәжірибесі мол мамандық иесі. Отбасында сүйікті жар, аяулы ана. Жұбайы Нияз Нұрмұхамбетұлы екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр.
      «Білікті дәрігер-ел сақшысы» дегендей адам денсаулығын нығайтуда Раушан Омарқызы сияқты медицина мамандары ортамызды одан әрі толықтыра берсін демекпіз.
Бағдат Айтмұқаева.