Алматы облысында 139 адам оқшауланды

17.03.2020ж

Алматы облысында коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ. Бірақ өңір аталған індеттің таралуы ықтимал қауіпті аумаққа жатады. Себебі, бір жағында Қытай Халық Республикасымен екінші жақта алып шаһар Алматы қаласымен шектесіп жатыр.

 

Елге шет мемлекеттен әуе көлігі және отарбалармен келген азаматтар бар. Олардың басым бөлігі кесел тараған мекеннен оралғандар.  Жеке тұлғалардың қатарында індеттің ілмегіне іліккендер кездеседі. Коронавирус пандемиясын жұқтырған адамдармен араласқан жандардың аты-жөнінің тізімі басшылық қолына түссе кез келген жерде оларды тауып алып, карантинге жабады.

Бүгінгі күні 139 адам оқшауланды. Олардың  123 стационарлық карантинде, 16-сы медицина қызметкерлерінің бақылауымен үйде жатыр. Егерде, үйде  5 жасқа дейінгі бөбектер болса, 65 жастан асқан қариялар мен аяғы ауыр әйелдер болған жағдай да ол адамды медициналық ұйымға жатқызады. Карантиндік жағдай да тәртіпті бұзса, алғашқы да ескертпе беріледі, екінші рет қайталанса  10 АЕК айыппұл салынады. Үшінші мәрте тәртіп бұзылса,  15 тәулікке қамауға алынады.

«Ұлттық зертхана орталығының Талдықорған қаласында бөлімшесі бар. Осы жерде коронавирус инфекциясын жұқтырды  деген күдікке ілінген  адамдарды тексереді. Бүгінгі таңда күндігіне  70-ке жуық талдау жасалынады. Әзірге ауру анықталған жоқ»,-дейді Алматы облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қайрат Баймұхамбетов.

 Вирусқа қатысты ақпараттарды БАҚ  беттерінен оқуға болады. Және де 1406 нөмірі арқылы Call-орталыққа хабарласып білуге жағдай жасалынған. Ол жерде сегіз байланыс желісі тәулік бойы жұмыс жасайды. Статистикаға сүйенсек, мониторинг көрсеткіштері бойынша, орталыққа сағатына 35 тен 80 – ге дейін қоңыраулар келіп түседі.

Мамандар мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтің тапсырмасына сәйкес, аймақтарға барып тексеріс шараларын жүргізуде. Кешелі бері барлық ойын-сауық орындары, сауда үйлері, кинотеатрлар, театрлар өз жұмысын уақытша тоқтатқан. Тек, азық – түлік дүкендері ғана істеп тұр. Айта кету керек, базарларда жеміс-жидектер, көкөністер ғана ашық түрде сатылса, өзге тауарлар жабық қаптама да сатылуы тиіс.  Сонымен қатар, базарлар таңғы сағат он бірден кешкі беске дейін ғана жұмыс істеуі қажет. Белгіленген уақыт аяқталған соң аумақ тазартылады.

Кеселден сақтанушылар бетперделерді шарқұра іздеуде. Қазіргі таңда өңір дәріханаларында 128 мың бетперде бар. Алдағы уақытта аталған өнімнің тапшылығы болмайды. Себебі, зауыт, фабрикалар масканы тігуді жалғастыруда.  Медицина колледждері мен медициналық әлеуметтік ұйымдарда көп реттік қолданатын бетперделер шығарылып жатыр.  Одан бөлек, қолғаптар, қорғанысқа арналған сыртқы киімдер өндірілуде.

Қоғамдық көліктерді күніне екі рет залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Осыған дейін бұл қызметтер қолмен атқарылса, ендігі кезекте арнайы машиналармен үлкен аумақты қамтып залалсыздандыру шаралары жүргізілуде. Ол аза болса әскери гарнизондағы үлкен қондырғылардың күшімен облыстағы нысандарды вирустан тазартуға болады.

 Халықты індеттен аман алып қалу үшін үкімет барлық шараларды қолдануда.  Қазіргі таңда қауіптің беті қайтқанша  құзырлы мекемелер кейбір мемлекеттерге баруға тыйым салған. Сондай –ақ, Алматы-Нұр-Сұлтан бағытына қатынаудағы рейстерді азайтуға қатысты мәселе қаралып жатыр.  Еске салайық, лажы болса сыртқа, көпшілік жүретін жерлерге бармау керек.. Балаларды аулаға бірер минуттарға шығарып тұрған жөн. Барлығы өз шекарасынан аспауы тиіс.

 Анар САБЫРОВА