ЕЛ БОЛЫП ЕҢСЕРЕМІЗ

23.04.2020ж

Халқымыз қазір ауыр кезеңді басынан өткеруде. 2020 жылдың 15 наурызынан бастап коронавирус індетіне байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланды. Бұл жағдай ел экономикасына айтарлықтай әсерін тигізері анық.

Табысынан айырылып абдырап қалған елге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі демеу болды. Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде төтенше жағдай уақытында халықтың әл-ауқатын жақсартып, дағдарыстың алдын алу үшін бірнеше маңызды тапсырмалар берді. Президент мәлімдемесінде «Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың санын кеңейту керек. Мұндай көмек түрі қосымша 1-ші, 2-ші, 3-ші топтағы мүгедектерге, мүгедек балаларға және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға берілуі қажет» деп атап көрсетті. Сонымен қатар, табысынан айырылған азаматтарға да ең төменгі жалақы мөлшерінде көмек берілетінін айтты. Бүгінгі таңда елімізде көптеген азаматтар аталған көмек түрлерін алып отыр. Табысынан айырылған отбасылар үшін бұл үлкен көмек болды.

Қазіргі таңда еліміз үшін ең маңыздысы сабырлық сақтап, түсіністік таныту, заңға қайшы келмеу болып отыр. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында халқымызды төзімділікке шақырып, жалынды сөздерін жолдады. Елбасының бастамасымен құрылған Ұлттық қор мен алтын валюта қорындағы қаржыны тиімді пайдалансақ, сыннан сүрінбей өтеріміз сөзсіз деді Елбасы. Сондай-ақ Елбасы аға буын өкілдеріне, жас ұрпаққа, кәсіпкерлерге арнайы өтінішін жеткізді. Мақалаға сай аға буынның негізгі міндеті жастарды еңбекқор болуға тәрбиелеу. Жас ұрпақтың басты парызы еліміздің көркейіп, дамуы үшін бар күш-жігерін салып, Отанға адал қызмет ету. Кәсіпкерлер осындай қиын-қыстау кезеңде отандастарына қол ұшын беріп, жомарттық танытса – бізден асқан берекелі, тату ел бар ма? Сөзінің соңында Елбасы қандай қиыншылық заманда да халқымен бірге екендігін жеткізді.

Елбасының көрегенді бастамасын қолдау мақсатында және мемлекет басшысының мәлімдемесіне сәйкес Қоңырөлең ауылдық округінің әкімі Н.Алимовтың басшылығымен округ тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету, індеттің таралу жолдарының алдын алу үшін арнайы комиссия құрылып, өз жұмысын атқаруда. Әкімшілік қызметкерлері, мешіт қауымы, жеке шаруа қожалықтарының басшылары мен ауылдың белсенді азаматтары округтегі тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар мен мүгедек жандарды қажетті азық-түлікпен қамтып, қолдау көрсетуде. Округ көлемінде 115 жанұяға әлеуметтік көмек көрсетілді.

Ел басына күн туғанда көмек қолын созып, жомарттық танытқан азаматтардың бүгінгі игі істері ертеңгі ұрпаққа үлгі болып қалары анық. Халқымыз бұған дейін де талай қиыншылықтарды өткерді, бұл індетті де бірлесе жеңеріміз анық. Ең бастысы береке мен бірлігіміз таусылмасын. Біз қандай жағдайда да біргеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Е.ҚОЖАҚОВ,

аудандық

мәслихаттың

депутаты.