Алматы облысында тағы бір ПТР зертхана ашылады

20.05.2020ж

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында жұқпалы індет белгісін анықтайтын арнайы орталық іске қосылмақшы. ПТР зертхана Есік қаласынан, ауданаралық көпсалалы аурухана жанынан ашылады.

  Жалпы, ПТР зертханасы, нақтырақ айтқанда полимерлі тізбекті реакция талдауы адам бойында коронавирус инфекциясының белгісі бар-жоғын жылдам әрі нақты анықтайтын әдіс екен. Яғни, зертхана жұмысы молекулярлы биология тәсілімен жүріп, ферменттердің көмегімен жұқпалы індеттің ізін ерте тауып, емдеуге мүмкіндік береді.

Ал Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының Еңбекшіқазақ ауданын таңдап, ПТР зертханасын ашуға қолдау көрсетіуінің өзіндік себебі бар екен. Әуелі, Есіктегі клиника аймақтағы ең ірі медициналық мекеме  қатарында. Бұл аймақтағы адамдарға қызмет көрсетудің ауқымын арттыруға мейлінше мүмкіндік бермек. Және қазірге дейін аудандық аурухана дәрігерлері жұқпалы індет жұқтырған науқастарды қабылдап, ем-дом жасаумен айналысып жатыр әрі бұл қызметі сапалы көрсетуде.

 

Екіншіден, аудандық клиника тарапынан алдын ала дайындық шаралары толықтай жүргізілді. Бұл зертханада жұмыс істейтін мамандар біліктіліктерін арттырып, осы жұмысқа бейімделген екен. ПТР зертханасы ғимараттың жеке блогында орналасқандықтан келушілердің кіріп, шығу мен биологиялық материалдарды қабылдаудына қолайлы жағдай жасалған.  арналған жеке есік арқылы жүргізіледі. Яғни, енді Есіктегі ПТР зертханасына жүгінушілер науқас көрсеткіштері мен белгілері бойынша және дәрігердің жолдамасымен нақты уақыт режимінде жұқпалы ауруға қарсы диагностикадан өте алады.

 

Сондай-ақ, Еңбекшіқазақ аудандық көпсалалы ауруханасында коронавируспен күрес кезеңінде үш сатыдағы стационарлық орталық ұйымдастырылған екен. Бұл да ПТР зертханасының жұмысын сапалы жүргізуге тәжірибе мен білік тұрғысынан жәрдемін тигізбек. Мәселен, ауруханадағы карантин стационары 13 наурыздан бастап ашылып, қазірге дейін 140 пациент қабылдаған. Ем алған 100 науқас толықтай оңалып, үйлеріне баруға рұхсат алыпты.

 

Ал провизорлық стационар Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күнінен бастап қызметке кіріскен. Осы аралықта провизорлық бақылауға жалпы 86 пациент алынса, оның сексені толық емдеу кезеңінен өтіп, дерттен айыққан екен.  Және ауруханадағы инфекциялық стационар да 29 наурыздан бастап коронавирусқа шалдыққан пациенттерді қабылдай бастады. Бүгінге дейін стационарға 84 пациент жатып, шыққан. Әлі де 36 науқас осында ем қабылдауда.

 

Айтпақшы, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы заманауи ПТР-зертхананың ашылуына «Birgemiz Jetisy» қоғамдық қоры қаржылай қолдау көрсетіп отыр екен.

 Алматы облысы

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ