Алматы облысында COVID – 19 індетінен көз жұмғандар жоқ

25.05.2020ж

Алматы облысында 179 адам коронавирус инфекциясынан айықты. Бұл туралы  «JETISÝ MEDIA» ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында белгілі болды.

 

 Аты жаман ауруға шалдыққандар саны облыс бойынша 288 адамды құрап отыр. Жұқпалы аурулар ауруханасында 97 адам ем-дом қабылдауда. Олардың 13-і үйдегі карантинге жабылған.

«Өңірдегі індет жұқтырғандар санының өсуі  халықтың карантиндік сақтық шараларын сақтамауымен тығыз байланысты»,- дейді  Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.

 Облыста аталған кеселді анықтайтын 6 бірдей зертхана жұмыс жасайды. Тәулігіне 2,5 мың адамнан сынама алынады. Жақын арада 7-ші «Олимп» талдау мекемесі өз жұмысын бастайды. Аталмыш, зертхана іске қосылса онда тәулігіне алынатын талдаудың саны 3 мыңға жетеді деп күтілуде.

Бүгінгі күні коронавирус инфекциясына шалдыққандағы өсу көрсеткіші 4,6 %-ды  құрап отыр. Ал,  аталған көрсеткіш 7%-ға жеткен уақытта  облыс орталығын карантинге жабу қауіпі туындайды.

 Сондай-ақ, Бауыржан Ербозымұлы карантин шараларын жеңілдету Талдықорған қаласы мен Кеген, Талғар аудандарына қатысты емес екендігін атап өтті.

Аймақтың бас дәрігері әлі де болса вирустың жойылмағанын алға тартуда. Сондықтан барша халықты сақтық шараларын бұлжытпай ұстануға шақырады.   Еске сала кету керек, облыста коронавирустан көз жұмғандар тіркелген жоқ.

Анар САБЫРОВА