Денсаулықтың кепілі

Жаздың жайдары күндері  бітіп, күз келді. Жылдағыдай Алматы облысы әкімдігінің «Облыстың елді мекендердің санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру көктемгі – күзгі екі айлығын өткізу туралы» бекітілген қаулысы бойынша қыркүйектің 15-сі мен қарашаның 15-сі аралығында өткізілетін «Күзгі санитарлық тазалық айлығы» басталды. 

 

            Тазалық айлығы барысында негізгі міндет: арық жүйелерін тереңдетіп қазу (50х50 см.), көпірлер мен көше бұрышының арығын ретке келтіру, көктемнен бері шығарылмай қалған ағаш жапырақтарымен қоса жиналған күл-қоқысты шығару, көгалдандыру жұмысы мен әктеу, сырлау жұмысын жүргізу міндеті тұр. Жіңішкенің жуарып, күзгі жиын-терін науқан кезімен тұспа-тұс келетін ең жауапты шара болып саналады. Аудан бойынша елді-мекендердің барлығында тазалық жұмысы жүргізілмек. Ауылдық жерлерде ауыл тұрғындары көбінесе өз күштерімен арығын тазалап, қазып, көшет отырғызып, ат-арбасымен арнайы орынға күл-қоқысын шығарып тіршілігін жасауда. Жаркент қаласына келсек, әр көшеге, көше қиылысына әр мекемеге бөліп беріліп, тазалық жұмысын тұрғындарымен бірге жүргізу міндеттелді. 

            Қала көшелерін аралай қалсаң, әр жерде қаптарға салынған, бұрышта қоқыстарды немесе арық ішінде және көшеде бықсып, көк түтін болып жанып жатқан күл-қоқысты көресің. Арнайы күл-қоқыс төгу орны қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигонға (ҚТҚП) шығарудың орнына өртеп, бұрыш-бұрышқа тастап, стихия лы төгілген жерлерге апарып тасталған.  Өз үйінің ауласы таза болса, қалған жері тұра берсін дейміз! Жапырақты, күл-қоқысты өртеуге мүлдем тиым салынады! Қазіргі уақытқа сай жасырын емес, әр үйде бірлі-екілі немесе он шақты малды ұстап, тіршілік жасап отырған тұрғындарымыз бар, әсіресе қаланың шеткі аймақтарында көптеп кездеседі.Малдың қиымен, жапырақты егістікке шығарып төксе минералды тыңайтқыш емес пе? Ал, Тышқан өзенінің бойына әсіресе БАМ жақта, Сұптай ауылына барар жолдың өн бойына, бұрынғы жүгері зауытының айналасына жаппай, бей-берекет төгілген.Стихиялы күл-қоқыс орындары көбейген. Негізінен орталық көшелерге тазалық жұмысы жүргізілгенімен, шеткі аймақтың тазалығы әлі де болса баяу жүруде.

            Бір рет ескерту жасалып, күл-қоқысын, жапырағын шығармаған, тиісті арық жүйесін қазбаған әр бір тұрғынға және жеке кәсіпкерлерге жергілікті әкімшілік тарапынан шара қолданылатынын ескертеміз!

            Санитарлық тазалық айлығы баршамызға ортақ іс. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл»- демекші барлығымыз бір кісідей ат салысып, осы айлықты өткізуге бар мүмкіндігімізді салайық, арығымызды қазып, ағаш егіп, көгалдандыру жұмысын жүргізейік!

Е. Смағұлов,

аудандық қоғамдық денсаулық

сақтау басқармасының басшысы;

Е.Нұрғалиев,

аудандық қоғамдық денсаулық

сақтау басқармасының

санитариялық гигиеналық

қадағалау және техникалық

регламенттердің орындалуын

қадағалау бөлімінің жетекші маманы.