Жабырқағанның жанынан табылды

Қай кезеңде де қамкөңілге қайырымдылық жасап, қолдау таныту - қазақтың қанына сіңген қасиет.

                Жуырда Айдарлы ауылының дамуына үлес қосып жатқан іскер азаматтар көмекке мұқтаж мектеп оқушысына қолдау танытып, қамкөңіл жанды қайырымдылықтан қағажу қалдырмайтындықтарын тағы бір дәлелдеді.

 

                Осы ауылдағы орта мектептің 6 сынып оқушысы Мәдина Жұмаділоваға туғаннан «анофтальм»  диагнозы қойылған екен. Ата-анасы қыздарын көз алмасының ішке қарай ығысуынан болатын бұл дерттен айықтырудың жолын іздегенмен  қолдың қысқалығы бөгет болып келген.

                Бұл отбасының жағдайын білген «Жаркент фрукт» ЖШС бас директорының өндіріс бойынша орынбасары Жолдас Сәдуақасов өз қаржысы есебінен 100 мың теңге беріп,  Мәдинаға Алматыдағы білікті дәрігерлерге қаралуға көмек жасады. Қайырымды жандардың көмегі үмітін оятқан Мәдина қазір Алматыдағы арнайы орталық дәрігерлерінің тексеруінен өтті. Мамандар алдағы айдың басында оның көзіне ота жасауды ұйғарып отыр.

                Кішкентай Мәдина бұл отаның сәтті өтеріне сенеді. Өйткені, оған қолдау көрсететін қамқор жандар жетерлік.

Мақпал  БІРІМҚҰЛОВА,

Айдарлы ауылдық округі әкімі аппаратының  жастар

 ісі  жөніндегі  әдіскер-нұсқаушысы.