Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі

 Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қажеттілігі ешқандай күмән туғызбайтынын айтты.   Медициналық сақтандыру қоры осы Жолдаудағы ең маңызды деген үш міндетке басымдық беріп отыр. Оның біріншісі:   Ақпараттық жүйелер мен мобильді қосымшаларды дамыту арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету.

 

Былтыр қараша айында медициналық сақтандыру қоры "МСҚ: Халықтық бақылау" мобильді қосымшасын іске қосқан болатын. Бұл қосымша еліміздегі ауруханалар мен емханалардың қызметін бағалауға мүмкіндік береді. Қосымшаны ұялы телефонға жүктеп, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде қызмет көрсететін емханалар мен стационарлардың жұмысына баға беруге болады. Онда дәрігер қабылдауына кіруге кеткен уақыт, көрсетілген қызмет сапасы, дәрігер берген емнің түсініктілігі сынды өлшемдер есепке алынады. "Халықтық бақылау" қосымшасын Android және iOS платформаларымен жұмыс істейтін телефондарға көшіріп алуға болады. Болашақта мобильді қосымша қызметтері жаңартылып, олардың тізімі кеңейеді.

            Екіншісі - кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін оңтайландыру.

            Қазіргі таңда медициналық сақтандыру қоры ұсыныс әзірлеп өкілетті органға   жібереді. Бір сөзбен айтқанда, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті қайта қаралады деуге болады. Медициналық сақтандыру қорының міндеті - мемлекет үшін тиімділігі төмен әрі шығыны көп диспансерлік жүйеден бас тартып, оның орнына қашықтықтан диагностика жасау және амбулаторлық емдеу тәсілдерін пайдалану арқылы созылмалы сырқаттарды емдеу жүйесіне көшу.

            Алдағы екі жылда Қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттеріне енетін медициналық қызметтерді іріктеумен айналыспақ. Іріктеу барысында медициналық қызметтерге деген сұраныс пен олардың тиімділігі міндетті түрде ескеріледі.

            Үшінші мәселе - стационарлық көмектен профилактикаға (аурудың алдын алуға) және өзге де қызмет түрлеріне көшу.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қазіргі денсаулық сақтау жүйесінің бағасы қымбат болып келетін стационарлық емге емес, аурудың алдын алуға ден қоюы керектігін қадап айтты. Және бұл өте дұрыс айтылған мәселе. Себебі біздің елімізде науқастардың 70 пайызы дәрігерге ауруы әбден асқынғаннан кейін қаралады. Салдарынан азаматтардың шығыны мен мемлекет қалтасынан шығатын қаражат бірнеше есе артады.

            Біз болашақта стационарды алмастыратын қызмет түрлерін көбейтуге, соған басымдық беруге күш саламыз. 2018 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бөлінетін қаражаттың 5 пайызын осы қызмет түрлеріне жұмсалатын болады. Сонымен қатар профилактикалық іс-шаралар ауқымын едәуір арттыру көзделіп отыр.

            Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жайында. ҚР Президентінің биылғы Жолдауында халықты сапалы жұмыспен қамту және лайықты әлеуметтік қорғау жүйесін қалыптастыру проблемасы да айтылды. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл мәселені шешу үшін азаматтардың мүмкіндіктерін арттыру қажет.

            Сондай-ақ, Елбасы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу процедураларын жеңілдету керектігін айтты. Яғни, қолайлы жағдай жасалса азаматтар үшін мемлекет алдындағы міндеттерін қалтқысыз орындау тиімді болары сөзсіз. Мемлекеттік органдар президенттің өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты экономикаға жұмылдырып, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту туралы тапсырмасына сәйкес бірқатар іс-шараларды әзірледі.

            Атап айтсақ, заң актілерінде "өзін-өзі жұмыспен қамтыған" деген түсінікті нақтылау, өз күнін өзі көріп жүрген азаматтарды мемлекеттік табыс органдарында тіркеу тәртіптемесін жеңілдету, олардан салық өндіру тәртібін айқындау, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтарды тіркейтін мекемелер қызметін толығымен цифрландыру, жергілікті атқару органдары мен орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін бір-бірімен ықпалдастыру көзделген.

            Оған қоса, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға аз мөлшерде жарна төлеп, МӘМС пакетін толық пайдалануға мүмкіндік берілетінін де айта кеткеніміз жөн.

М.Клян,

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының

Халықты ақпараттандыру және өтініштерді  қарастыру бөлімінің сарапшысы.