Тауар сапасы басты назарда

Өткен жылы Алматы облысы бойынша 2 мыңнан астам сынамаға санитариялық - эпидемиологиялық сараптама жүргізіліп, 2,7 %  техникалық регламенттер талаптар мен қолданыстағы заңнамаға сәйкес келмеген. Ол 2016 жылдың көрсеткішінен 5%-ға төмен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сыдыманов Ерғали баяндады.

 

Сәйкес келмеген тағам өнімдері сынамасының көбі  сүт өнімдеріне тиесілі. Сүт өнімдері сынамасының негізгі пайызын     65%-ын Қырғызстан, 30%-ын Қазақстан,  5%-ын Ресей өндірушілері құрайды.

Сонымен қатар, сәйкес емес сынамалардың  ет өнімдеріне 22%-ы, құс етіне 6%, жеміс-көкөніс өнімдері және кондитерлік өнімдерге 4%- дан, май, шырын өнімдері, ұн-жарма өнімдеріне 2 %-дан, ойыншықтарға – 17%, балалар мен жасөспірімдерге арналған тауарларға - 6% тиесілі.

Ерғали Сыдыманов өз сөзінде, балаларға арналған тауарлардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылатынын атап өтті. 2017 жылдың кезеңінде 185 тауарлардың сынамасы сатып алынды, оның ішінде 79 сынама балалар ойыншықтары. Сараптама нәтижелері бойынша 11 ойыншық сынамасы және 4 балалар киімі сынамалары техникалық регламенттер талаптарының таңбалау бөлігі бойынша сәйкес келмеген.

Тексерулердің нәтижелері көрсеткендей, сауда объектілерінде  ойыншықтардың басым бөлігі олардың сәйкестігін және қауіпсіздігін растайтын құжаттарссыз сатылады. Сапасыз балалар ойыншықтарының нарыққа келіп түсу себептерінің бірі ойыншықтарды ұсақ партиялармен, қол жүгімен елге әкелу мүмкіндігі болып табылады

"Бақылауды күшейту мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетімен балалар ойыншықтарын шартты шығару режимімен әкелуге тыйым салу заңнамалық негізі бастама алып, қабылданды, бұл дегеніміз, алдағы уақытта кеден бекеттерінен ойыншықтардың кедендік тазарту сатысында  емес, сәйкестік сертификаттары болған жағдайда ғана өткізілетін болады " – дейді Е. Сыдыманов.

Жиын соңында қоғамдық денсаулық сақтау департаменті облыс тұрғындарын тауарлар мен азық-түліктердің таңбалауына ерекше назар аудара отырып, мұқият  сатып алуға шақырды.