Жүрегіңізге абай болыңыз: темекі жүрекке зиян

Шылымқорлық — адамзат арасында кең таралған зиянды әдеттердің бірі. Бүгінде әлемдегі әрбір төртінші еркек никотинге тәуелді. Ал, әр жиырмасыншы әйел шылымды серік еткен.

    Көптеген елдер, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) шылымқорлыққа қарсы күресте темекі бағасын қымбаттауы, оны жарнамалауға тыйым салу, шылым шекпейтін адамдардың қауіпсіздігін күшейту, салауатты өмір салтын насихаттау сынды іс-шараларды қолға алып келеді. 

  Бұрын ондаған жылдар бойы шылымқорлық зиянсыз әдет ретінде жарнамаланып келді. Әлемдік қоғамдастық дәл осы кепкен шөптің жүрек-қан тамыры ауруларына, мысалы, инфарктке шалдықтырып, қатерлі ісік тудыратынынан бейхабар болды. Шындықтың бетін алғаш рет Британияның Медициналық зерттеулер кеңесі ашып берді. Зерттеу жұмыстары 1951 жыл мен 2001 жылдар аралығында жүргізілген. Никотиннің ағзаға зияны үш жылдан кейін-ақ анықталып, темекі тартатын адамдардың өмірі 10-15 жылға қысқаратыны белгілі болған.

   ДДСҰ мәліметінше, жыл сайын шылым шегу салдарынан 7 миллионнан астам адам көз жұмады. Оның 900 мыңға жуығы өзгелер тартқан темекінің түтінінен уланады екен. Олардың арасында темекі алпауыты атанған елдерде тұратын балалар да бар. Мамандардың айтуынша, олар темекі плантацияларында жұмыс істей жүріп уланатын көрінеді. 

   Зерттеулерге қарағанда, темекі түтінінде 4 мыңнан астам химиялық зат бар. Оның кем дегенде 250-і денсаулыққа зиянды болса, 50-ден астамы қатерлі ісік тудырады. Сол себепті темекіні тартпаса да, шылымқордың қасында жүретін адамдар үшін жүрек-қан тамыры, тыныс жолдары ауруларына, өкпе, өңеш, асқазан т.б. обырына шалдығу қаупі жоғары.

   Жалпы, шылымқорлықтың экономикалық салмағы да өте ауыр. Жыл сайын темекіге жұмсалатын шығын 1,4 триллион долларды құрайды. Бұл ғаламдық ІЖӨ-нің 1,8 пайызына тең. Ал, темекіден туындайтын ауруларды емдеуге жыл сайын шамамен 422 миллион доллар бөлініп отырады.

   Темекіге қарсы күрес әр мемлекет үшін маңызды міндеттердің бірі. Өйткені, ұлт саулығы халықтың өмір сүру деңгейін анықтайтын фактор болып табылады. Әлемдегі әрбір үшінші ел кем дегенде 5 жыл сайын жастар мен ересектер арасында темекі тұтыну көрсеткішін мониторингтен өткізіп отырады. Оған қоса, темекі жарнамасын шектейді немесе өндірушілерді қораптың сыртына шылымның зиянын ескертетін суреттер басуға міндеттейді. Әлем бойынша 37 мемлекет қана темекіні жарнамалауға тыйым салса, тағы 32 ел салықты көбейткен.

    Қолжетімді  профилактика

   Зиянды әдеттермен күресіп, өз денсаулығын күту әркімнің өз қолында. Бүгінде шылымқорлыққа қарсы күрестің түр-түрі бар. Біреу тәуелділіктен арылу үшін никотин пластырь тағады, біреу топ құрады, енді біреу ынталандыратын кітап оқиды. Мамандар пікірінше, адам темекіге тәуелділіктен қанша ерте арылса, соншалықты ұзақ өмір сүреді. Ал, денсаулықты сақтап, ұзақ өмір сүру үшін профилактикаға ден қойған жөн.

   Көптеген адамдар ауруы асқынбайынша дәрігерге қарала қоймайды. Бірде уақыттың тығыздығы қолбайлау болса, бірде өз-өзін емдеп, әне-міне басылар деген үмітпен жүріп қалады. Өкінішке орай, адамның басты капиталы - денсаулық қадірін білмеудің соңы қайғылы жағдайларға душар етіп жататынын ескере бермейміз.

   Ресми статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың көпшілігі дәрігерге созылмалы ауыр науқастармен немесе дерті әбден асқынып кеткеннен кейін ғана жүгінеді. Жыл сайын ауруханаға түсетін пациенттердің 68 пайызы немесе 2 миллионға жуығы шұғыл жағдайда жеткізілгендер. Бұл Қазақстанда ауруханаға түскен әрбір оныншы адамның өмірі қыл үстінде тұр деген сөз.

   Жалпы, елімізде өлім-жітім көрсеткіші жағынан қан тамыр аурулары көш бастап тұр. 2017 жылы одан 32 мың отандасымыз көз жұмған. Екінші орынды тыныс жолдары аурулары иеленсе, үшінші орында - қатерлік ісік тұр. Бұлардың үшеуі де темекі шегу салдарынан пайда болатын аурулар. 

   Дегенмен, мұның да алдын алуға болады. Ол үшін жыл сайын ішкі ағзаларды тексертіп отыру қажет. Шылымқорлар үшін жүрек пен өкпені бақылауда ұстаудың маңызы зор. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтарға көмек ретінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін ұсынып отыр. Аталған пакетке жалпы практика дәрігерінің қабылдауы мен кеңесі, көздің көру қабілеті мен қысымын тексеру, қандағы холестерин мен глюкоза мөлшерін тексеру, электрокардиограмма, флюорография мен спирография жасатуға болады. Осы процедуралардың қай-қайсысы да ағзада шылым салдарынан болған өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.

   Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры әр адамға организміндегі өзгерістерді байқау үшін медициналық тексеруден өтіп  тұру мүмкіндігін береді. "ТМККК пакетінде тексеруден өтуге қажетті қызметтердің бәрі жинақталған. Егер қандай да бір ауытқу бары анықталса мемлекет есебінен емделуге болады".

   Мемлекет тарапынан берілетін тегін медициналық көмекті Қазақстанның кез-келген азаматы пайдалана алады. Бюджет қаржысы есебінен көрсетілетін бұл көмекке профилактикалық, диагностикалық және емдік мақсаттағы қызметтер кіреді.

   Қазақстандықтардың жыл сайын денсаулыққа жұмсайтын жеке шығыны 678 миллиард теңгеге жетті. Бұл денсаулық саласына жұмсалатын жалпы қаржының 41 пайызы қарапайым халықтың қалтасынан шығады деген сөз. Оның үстіне, бұл цифрлар отандық денсаулық сақтау жүйесінің орнықсыздығынан хабар берсе керек. Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу үшін азаматтардың медицинаға жұмсайтын жеке шығындары 20 пайыздан аспауы тиіс. Сол себепті үкімет денсаулық саласын қайта реттеу бағдарламасын іске қосқан болатын. Ол жеке меншік бизнестің мемлекеттік тапсырысқа аудандық ауруханалармен теңдей қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

 

Күнтізбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4129975