Медициналық қызмет цифрлық жүйеге көшеді

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы  дамудың  жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс.

     Медициналық  кадрлармен қамтамасыз ету және оларды сапалы даярлау маңызды мәселе болып саналады. Осы және басқа шараларды іске асыру үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің жаңа редакциясын әзірлеу қажет»,- деп атап көрсеткен болатын.

     Қазіргі   таңда      Денсаулық сақтау министрлігі жаңа кодекске жаңа Заң жүйелерін    енгізуді   бастап кеткен. Жаңа Заң бойынша денсаулығына салғырт қараған қазақстандықтар келешекте жауапкершілікке тартылмақ.

    Жалпы денсаулық - Алланың  аманаты. Ал аманатқа қиянат жасауға болмайды. Десе де біздің бейқам жұрт ауруын асқындырып күтінбей жүре беретін қиянат жасап жүрген жоқ па екен?!

    Келер 2019 жыл елдегі медицина саласындағы біршама жаңалықтар мен өзгерістерден басталғалы тұр. Оның ең күрделісі халықты жаппай электронды денсаулық сақтау паспортымен қамтамасыз ету және  медициналық сақтандыру  қорын қалыптастыру.

    Елімізде денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін әзірлеу осыдан 13 жыл бұрын басталған. Нәтижесінде, бүгінгі таңда стационарда жататын науқастардың электронды тіркелімін әзірлеу жұмыстары жолға қойылды. Медицина саласын цифрландыру дәрігерлер мен пациенттердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Электронды қызметтің нәтижесінде пациенттер зертханалық талдаулардың қорытындысын алу үшін емханаларға қазіргідей жиі бармайтын болады. Дәрігерлердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру секілді қызметтерді электронды түрде жасай алады.

   Бүгінгі таңда ауданымызда да медициналық ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде.  Медицина саласы бойынша        цифрландыру жұмыстары  аудандағы денсаулық сақтау саласында да қарқынды жүзеге асып келеді. Елбасының тапсырмасынан сәйкес    Жаркент қаласындағы аурухана бөлімдері, емхана мен балалар емханасы және ауылдық 41 емдеу мекемесінің бәрі  толықтай  100 пайыз  интернет желісіне қосылды.   Аудандағы емдеу мекемелері жалпы 363 компьютермен қамтамасыз етілген.

    Аудан   тұрғындарының   уақытын тиімді пайдаланып, денсаулық сақтау саласында онлайн түрде, яғни,  «Электронды үкімет» порталы арқылы көрсетілетін медициналық қызмет түрлері туралы ақпарат аурухананың инстаграм парақшасында, сайтында, аудандық газетте жарияланып (https://crbpanfilov.kz – сайт, panfilovcrb.zharkent – инстаграм парақшасы, crbpanfilov crbpanfilov – фейсбук парақшасы), әрбір емдеу мекемесінің ақпараттар тақтайшасында ілінген.  Оған қосымша ересектер  емханасы  мен балалар емханасында өз-өзіне қызмет көрсету үшін «Электронды қызмет алу бұрышы» ұйымдастырылған. Емханаға келген кез-келген азамат электронды үкімет порталы арқылы денсаулық сақтау саласында онлайн түрде көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін ала алады. Ол қызмет түрлеріне кез-келген емханаға тіркелу жөніндегі өтініш беру, дәрігердің қабылдауына жазылу және дәрігерді үйге шақырту сияқты қызмет түрлері жатады.

   «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сәйкес  аудандағы емдеу мекемелерінің барлық қызметкерлері басқа салаларда көрсетілетін онлайн қызметті алу мақсатында  толықтай электронды- цифрлы қолтаңбамен қамтамасыз етілген.

   Балалар емханасында «электронды кезек» жүйесі іске қосылған.  Кез-келген емделуші балалар емханасына келіп, тіркеу бөлімінің қасында орналасқан терминал арқылы (екі тілде қызмет көрсетеді) қажетті дәрігердің қабылдауына жазылып,  нөмір көрсетілген талон алады. Әр қабатта емделушінің талон нөмірі мен кіретін бөлме нөмірін көрсететін табло (экран) орнатылған.

     Медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшу мақсатында 2014 жылдан бастап Көктал, Қоңырөлең ауылдық ауруханалары мен аудандық аурухана бөлімдері    «Жетісу» медициналық ақпараттық жүйесімен жұмыс істеп келе жатыр. Бұл жүйе бойынша  аурухана бөлімдері мен зертхана, рентген бөлмесі, УДЗ бөлмесі,  КТ бөлмесі арасында байланыс орнатылған.  Барлық ауру тарихы осы жүйеге енгізіледі, қағаз жүзінде ауру тарихы шығарылмайды, тек ауру тарихына басқа мекемелерден арнайы сұраныс хат келген кезде ғана қағазға шығарылып беріледі. Негізінен электронды форматта сақталады. 

        Денсаулық  сақтау жүйесін   цифрландыру бағытында «Жетісу» медициналық ақпараттық жүйесін амбулаторлық-емханалық көмек көрсететін емдеу мекемелеріне енгізу жұмыстары 2018 жылы  сәуір айынан  басталды. Бүгінгі күнде емхана, балалар емханасы мен Көктал, Қоңырөлең ауылдық ауруханалары  мен ауылдық амбулаториялар осы  жүйеге  толығымен қосылған. 

     Цифрландыру арқылы тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмек сапасы жақсарады, дәрігерлердің есеп жазудан қолы босап, науқасқа көбірек көңіл бөледі.

     Десек те аталмыш бағдарлама цифрлық технологияларды қолдану   арқылы   халықтың өмір сапасын   арттыруға  жол   ашады.

    Бүгінгі күні 120707 аудан тұрғынына электрондық амбулаторлық карта ашылып, жұмыс жалғасуда.      Аудандық емдеу мекемелері қызметкерлерінің  компьютерлік сауаттылығын жоғарылату мақсатында  аурухананың  бағдарламашылары әр қызметкермен тікелей жұмыс жасап, қажет болған жағдайда семинар өткізіп отырады.

Б.Бейсенқызы.

 

Күнтізбе

« Сәуір 2024 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30          

booked.net

  • Материалды қарау саны : 4142572