Күтпеген кездесу

Жақында  Головацкий атындағы орта мектепте көптеген халықаралық жарыстарда жеңіске жеткен, спорт мастері, жерлесіміз Айдос Ербосынұлымен мектеп директоры М.Туғанбаевтың ұйымдастыруымен  жоғарғы сыныптар арасында кездесу  кеші болып  өтті.

      Жер жәннаты аттанған Жетісу өлкесінің  жазиралы Жаркент қаласында 1991 жылы 14 қараша айында дүниеге келген Айдос Ербосынұлы қаламыздағы №6 мектептің түлегі.    Кәсіпқой бокстан WBO GLOBAL чемпионы, WBA және WBC нұсқалары бойынша Азия чемпионы. Тәуелсіздік жылдары өмірге келген Айдостың шығар биігі әлі алда. 27 жастағы қазақ спортшысы кәсіпқой бокс шаршы алаңында жеңіліп көрмеген. 10 жекпе-жегінде де жеңіске жетіп, жетеуін накоутпен жеңген.  Осындай жерлес азаматпен өткен кездесу кештің берері мол  болды.

     Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары К.Абулкасынова зиянды әдеттер туралы балаларға қандай кеңес берер едіңіз? деген сұрағына «Адам құдайдың жаратқан аманаты, егер сіз ішімдік пен шылымға әуес болсаңыз аманатқа қиянат жасаумен бірдейсіз»- деп жауап берді.

      Мектебіміздің  бокстан  үнемі бірінші, екінші орынды иеленіп жүрген 5-ші сынып оқушысы Рахыбай Мағжанды ырымдап тақымынан өткіздік және облыстық ағылшын тілі пән олимпиадасынан II орын алған Шәріпхан Өркеннің дипломын өз қолымен тапсырды. Оқушылар Айдос Ербосынұлының әрбір шыққан боксының бейнебаянын тамашалады.

       Кездесу соңында К.Абулкасынова жүрекжарды лебізін айтып, спортшыға  сәттілік  тіледі. «Орбұлақ шайқасы» атты тарихи кітапты сыйға тартты. Әрмен қарай оқушылар мен мұғалімдер суретке түсіп, ізгі ниетпен шығарып салдық.

Ш.Түгелбаева,

Головацкий ауылының

кітапханашысы.