өңірімізде спортшыларға деген құрмет ерекше

13.08.2021ж

Тәуелсіздігіміздің таңы атқан 30 жыл уақыт ішінде елімізде спорт саласын дамыту үшін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен қыруар жұмыстар атқарылды. Президентіміз спортқа зор көңіл бөліп, бұл саланы әрдайым мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосып келеді.

Тамыз айының 10 жұлдызында аудандық Мәдениет үйінде «Банк центркредиттің» ұйымдастыруымен «Салауатты өмір - нұрлы болашақ» атты кәсіби спорт мерекесіне орай ауданымыздағы жасөспірім спортшыларымызды марапаттау рәсімі өтті.
Жиынға ауданымыздан бұқаралық спорттың 10 түрінен шұғылданатын Панфилов ауданының №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және Панфилов ауданының №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балалары марапатталды.
Мерекеге орай ұйымдастырылған жиын барысында спорт бөлімінің басшысы Ерғали Қонашев сөз сөйлеп, ауданымыздағы жасөспірім ұл-қыздарымызға әрқашан спортта табысты болуына тілектестік білдірді.
Спорт елдің дамуына ғана емес, спортқа атсалысқан кез-келген адамның болашаққа деген көзқарасының кеңдігін, дүниетанымының молдығын көрсететін сала екені айтпаса да белгілі.
Спорт саласына мән беретін, спорттың дамуына үлесін қосатын жандар өңірімізде жетерлік. Жалпы бұл марапаттаудың мақсаты – ауданымыздағы бұқаралық спортты дамыту. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала.
Ауданымызға спорт саласында жүрген жасөспірімдерді марапаттап, құттықтауға «Банк центркредит» АҚ-ның Алматы облысы бойынша директоры Манат Байғонусова мен Жаркент қалалық банк центркредиттің бөлімшесінің директоры Мұрат Хармысов келді. Барлық жиналған қонақтарымыз балаларға спортта тек алғыр болуларына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ банк атынан 100 балаға спорттық үлгідегі киімдер табыс етілді. Бұл кез келген бала үшін үлкен қуаныш. Мұндай сыйлық баланың спортқа деген құлшынысын арттыратыны сөзсіз.
Сымбат Әбдіреш.