Өмірі өнерімен өрнектелген

13.06.2019ж

Адам өмірі бұралаңы мен бұлтарысы көп ұзақ жол сияқты. Және сол ұзақ жол сан-салалы. Соның қай саласына түсеріңді бір Алла ғана біледі емес пе?

 

       Ахмадиева Сәуле Құрмашқызының өмір жолы да басқалардан өзгешелеу емес. Ол Алматы облысының Сарқан ауданына қарасты Аман-бөктер ауылында дүниеге келді. Сол ауылдың мектебінде оқып, білім алды. 1974 жылы Сарқан қаласындағы Абай атындағы орта мектепті бітірді. Сол өзі оқыған мектебінде еңбек жолын аға пионер вожатый болудан бастады. Мектептегі әртүрлі мәдени үйірмелерге қатысып, өзінің еңбекқорлығын көрсете білді.  Жасынан пысық, талантты қыз аудандағы би, драмалық және домбыра үйірмелеріне қатынасып өз білімін шыңдай түсті. 1975 жылы Алматы облысының Панфилов ауданындағы Мәдениет үйіне ауысып, әдіскер болып жұмыс істеді. Алғаш көркемдік жетекшіліктен директорлыққа дейін көтерілді. Ауданда «Жаркент әуендері» ән-би ансамбілін құрды. 1985 жылы Кішішыған орта мектебінің директоры, Білім беру ісінің үздік қызметкері, жергілікті ақын Тоқбай Исабеков құрған «Шыған шырақтары» әдебиет және өнер бірлестігін құрысуға Шаріпхан қажы екеуі мұрындық болғаны әлі есімде.

       1986 жылы  «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы колхоздың төрағасы екі дүркін Еңбек Ері атағына ие болған        Н.Головацкийдің шақыруымен, орталықтандырылған клуб жүйесінің  директорының орынбасары  қызметіне ауысып,  «Гүлдәурен» фольклорлық  қазақ  ансамблін құрып, ол         ансамбль  Халықтық атағын қорғап шықты. Сәуле құрған бұл ансамбль Индияда өткен Халықаралық фестивальге қатысып, өз өнерлерін паш етіп қайтты. 1988 жылы Мұқан Төлебаев атындағы композиторлар байқауында ақын Исламғали Үркімбайұлының «Келешегім» атты өлеңіне жазылған әні Бас жүлдені жеңіп алды.

    Сәуле   Құрмашқызы       – Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Бүкілодақтық және  республикалық фестивальдардың лауреаты, 1-ші Республикалық Әсет Бейсеуов атындағы байқаудың жүлдегері.

       Сәуле қандай жұмыс болмасын бас тартқан емес. 1995 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық институтын мәдени ұйымдастырушы мамандығы бойынша бітіріп шыққан соң, 4 жылдай Бикен Римова атындағы Талдықорған облыстық драма театрында директордың орынбасары, ал, 1997 жылдан 1999 жылға дейін Алматыдағы М. Әуезов атындағы Мемлекеттік қазақ драма театрына бас администратор болып ауысты. Бұдан  кейін Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығында ғылыми қызметкер бола жүріп, оның директорлығына дейін көтерілді.

         Таланты мен талабын ұштай білген Сәуле өндірістен қол үзбей жүріп, Талдықорған қаласындағы академик Ө.Жолдасбеков атындағы институттың «Заңгер» мамандығы бойынша оқып, бітіріп шықты. Ол көптеген «Жетісу жұлдызы», «Жетісу аруы», «Мұқағали мәңгілік ғұмыр», «Жетісудың Тұмар ханшайымы» сияқты жаңа жобаларды  іске асырды. Көптеген халықтық ұжымдар құрды.         Облыстық ақындар, жыршы-термешілер мен әуесқой композиторлар ұйымын құрып, олар әртүрлі халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүрді. Осы еңбектерін бағалаған Мәдениет министрлігі Алматыдан ашқан мәдениет қызметкерлерінің білімін жетілдіру институтына басшы етіп тағайындады. Мәдениет министірлігі жанындағы қазақ мәдениет ғылыми зерттеу иниституты директорының орынбасары қызметін қоса атқарды.                                 2010 жылдан бастап Алматы қаласындағы жүйке ауруы бар балалардың мектеп-интернатында директордың орынбасары, соңынан «Әлеуметтік тұрғын үй» мекемесі мен «Ардагерлер үйіне» директор болып жұмыс істеді. Сәуленің осындай ел игілігі үшін істеген қыруар істері елеусіз қалмады. Ол көптеген «Мақтау» қағаздары мен «Құрмет» грамоталарының, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекелік медалі және 2000 жылдан ҚР Мәдениет Қайраткері төс белгісімен марапатталған.

            Сәуле Құрмашқызы қазір «Жаркент жауһарлары» аудандық Халық шығармашылығы орталығының тәлімгері,  осы орталық басшысының  орынбасары  ретінде  тыңғылықты жұмыс атқарып келеді.

   Сүлеймен  Керімбеков,

«Жаркент жауһарлары» халық   шығармашылығы

орталығының мүшесі.