Ұлылықтың дара шыңы

01.11.2019ж

2020 жылы ұлы ақын, сазгер, ағартушы, аудармашы әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО мен ТҮРКСОЙ аясында атап өтілетіні бүкіл түркі әлемі үшін үлкен мақтаныш десек артық айтқандық болмайды.


Мемлекетіміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың 30 мамыры күні ұлтымыздың ұлы тұлғасына арналған мерейтойды өткізу туралы Жарлығын шығаруының өзі оның ұлтымызға, әлемдегі ең бай тілімізге, әдебиетімізге деген шынайы перзенттік жанашырлығы, көрегендігі мен даналығы деуге болады. Ұлы Абайдың шығармасын жатқа оқып, көпшілікке үлгі болған мемлекет басшысының игі шараны жасаудағы мақсаты-ұлы ақынның шығармаларын әлемдік қауымдастыққа таныстыра отырып, ұлтымызды ұлықтау арқылы тәуелсіз ел мәртебесін көтеру деп түсініп, игі шараны бір кісідей ұйымшылдықпен жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Өркениетті деген батыстың өзіне үлгі болар үлттық құндылықтарымызды, Абай шығармаларын жас ұрпақ бойына ана сүтімен сіңіру, оның жан-дүниеңді, сана-сезімің мен өмірге көзқарасыңды парасаттылық пен имандылыққа толтырар қадір-қасиетін ұғындыру әрбір ата-ананың, білім ордаларының, зиялы қауымның, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың қасиетті парызы болуы керек деп есептеймін.
Қайталанбас ұлы Абайдың рухына дұға қылып, қараңғылықтың көгіне шамшырақ болған ұлы бабамыздың бізге қалдырған рухани мол мұрасынан әсіресе билік басындағылар сусындаса мемлекетіне, өз халқына Конституциямен қарастырылған бұлжымас қағидаларды мүлтіксіз сақтауда перзенттік жанашырлық сезімдері оянар, қоғамды кері тартар зиянды әрекеттерден бойын аулақ ұстап еліне бар күш-жігерін, білімін арнап адал қызмет етер еді, рухани жұтаңдыққа белең алған еліміз экономикалық, әлеуметтік өрлеудің сара жолына шынайы түсіп, қоғамымызда имандылық пен әділдік салтанат құрар еді-ау деп армандайсың.
Абай үні - халық үні, замана үні, әділеттілік пен имандылықтың ақ жолы, кірленбес арымыз бен басымыздағы қонған бағымыз деген сана-сезім әрбір қазақстандықтың жүрегіне ұяласа нұр үстіне нұр болар еді, адами құндылықтар салтанат құрған мүлде басқа қоғамда өмір сүрген болар едік.
Ұлылықтың дара шыңы - Ұлы Абай бабамыздың халқына қалдырған мол мұрасын бүкіл қоғам болып игілігімізге жарата білсек пендешіліктен арылып, санасына парасаттылық пен имандылық нұры ұялаған ұлттық рухы мықты, текті қоғам мүшелерін қалыптастырып, ұлтымызға тән, әлемге үлгі боларлық ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, байқуатты «Мәңгілік елге» айналатын боламыз, ағайын!
Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,
Қазақстанның Заңгерлер және Журналистер Одақтарының
мүшесі, заңгер.