Мәрлен Қапашұлы: «Жаңа жыл, жаңа бастама!»

14.01.2020ж

«Jetisy Media» ақпараттық  алаңында «Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының 2020 жылға бағытталған жұмыстары» тақырыбында баспасөз-мәслихаты өтті.

          Мәдениет саласының сайып қырандары 2019 жылды  табысты аяқтады. Облыс жұртшылығын елең еткізер елеулі шаралар өте  көп болды. Жыл бойында 50 мыңнан аса түрлі мәдени шаралар атқарылды.

Атап айтар болсақ  есепті жыл Балпық бидің325, М.Тынышпаевтың 140, І.Жансүгіровтің 125 жыл мерейтойларының өтуімен есте қалды.  Облыстағы  мәдениет маусымының салтанатты ашылуы, көктем мен күз айларындағы Ретро концерттермен, халықтық театр фестивалдерімен ерекшеленді.

         Айтулы мерейтойлар аясында және достық қарым-қатынасты арттыру мақсатында облыс өнерпаздары өңір басышысы Амандық Ғаббасұлының  қолдауымен Түркия, Тайланд, Ресей, Қырғыз, Украина  елдерінде облыс өнерін паш етіп қайтқан. Бұл туралы  облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Қапашұлы мәлімдеді.

          Аталған басқарма үшін жаңа жыл үлкен жаңалықтармен басталды. Басқармаға қарасты мекемелерге 107 штат ашылған жайы бар.  Бұл әрине облыс әкімінің мәдениет саласына деген үлкен қамқорлығы деп нық сеніммен айтуға болады.

          Алматы облысы жыл сайын мерейтойлардың жоспарлы түрде атқарып келеді. Биылғы жылы Абай Құнанбаевтың 175, Әбу Нәсір Әл-Фарабидің 1150, Орақты батырдың 600, Шоқан Уәлихановтың 185, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туғанына  80 жыл мерейтойы тойланса, Ұлы Жеңіске 75 жыл толуын ел болып атап өтпек. 

-                     «Ұлы Отан соғысына арналып салынған ескерткіштер жөндеуден өтіп, кітаптар шығарылады. Ұлы тұлғаларға арналған танымдық кештер, халықтық театрлар фестивалі жыл бойы жалғасады»,- дейді Марлен Көлбаев.

 

Сонымен қатар, қаламызда ұлы ақынның дүбірлі тойына орай ескерткіш бой көтермек. Және де ақпан, наурыз айларынның аралығында республика бойынша ақындар арасында һәкім Абайға арналған өлеңдерден байқау ұйымдастырылмақ. Жарыстың жүлдегерлеріне қаржылай және бағалы сыйлықтар табысталып, үздік шыққан өлеңдер «Абайға арнау» атты кітапқа енгізілетін болады. Заманының заңғар тұлғасы болған қос ғұлама Абай мен Әл-Фарабиге қатысты облыстық Бикен Римова атындағы драма театрында тұғырлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына қатысты ақпан мен сәуір айларында  сахналық қойылым көрерменге жолтартады.

         Айта кетерлігі, «Жетісудың 100 томдық кітапханасы» сериясымен жыл сайын жергілікті ақын-жазушылардың облыс әкімінің қолдауымен шығып келе жатқан кітаптары өз ретімен жалғасатын болады.