Сарқан ауданында «Абайдың жолы-дара жол» атты байқау өтті

11.03.2020ж

Қазақтың нар тұлғаларын тізбектейтін болсақ әрине ең алдымен Абай Құнанбаевтың есімі ойымызға келетіні белгілі.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек», - деген еді.

Биылғы жылы ұлт мақтанышы Абай атамыздың туылғанына мерейлі 175 жыл толып отыр. Осыған орай аудандық мәдениет үйінде «Абайдың жолы-дара жол» атты аудандық байқау және кітап көрмесі жұртшылық назарына ұсынылды.

Шара барысында Абай Құнанбаевтың сөзіне жазылған әндер, сурет, қара сөздерін оқу және Абай өмірінен сыр шертетін қысқаша көрініс байқауы өтті. Байқауға ауданның барлық ауылдарынан 20-ға жуық қатысушы және 10 топ қатысып бақтарын сынады.

Гүлнәр Мейірхатқызы, аудандық кітапхананың директоры:

- Абайдың шығармалары арқылы дұрыс тәрбие беруді мақсат тұтып отырмыз. Бұл көрме бір жыл бойы жұмыс істемек. Қорға түскен барлық жаңа басылымдар осы көрмеден орын таппақ. Сондықтан да «келемін, көремін Абайды зерттеймін тереңірек танимын» деген барлық оқырманға біз есігіміз ашық дейміз», - деді.

Шараның негізгі мақсаты Абай шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау арқылы қазақ тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген этнос өкілдерінің ықыласын арттыру, әрі еліміздің рухани бірлігін нығайту, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, талантты жастарды ынталандырып, әдеби шеберлікке баулу.

Байқаудың қорытындысы бойынша жүзден жүйрік озып шыққан қатысушыларға арнайы дипломдармен бағалы сыйлықтар табысталды.