Желтоқсан-жадымызда және жүрегімізде

22.07.2020ж

Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайды. Қай халық та өзінің өткен тарихын бар қуаныш-сүйінішімен, қайғы-қасіретімен, жеңіс-жеңілісімен  бірдей қабылдайды. Біз де өзіміздің шаңырағымызды көтеру жолында талай тар жол, тайғақ кешулерден  өттік.

«Біз-қазақ, ежелден еркіндік аңсаған..»  дегендей, халқымызға бірде қайғы-мұң сыйлаған, бірде айбынды, азат  рух  берген тарихтағы әрбір оқиға, әрбір шайқас-азаттыққа жеткізген  ұлы  қадам, ірі құбылыс.

            1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы-қазақ халқы ғасырлар бойы жүріп өткен соры қалың соқпақтың ең соңғы және ірі  қадамы  болды.  Жылдар бойы сыздаған жараның аузы ашылды. 1986 жылдың желтоқсанында алаңға  шығып, кеңес  билігіне  наразалық көрсеткен өрімдей жастарды алпауыт империяның қаһарынан  сескентіп, үрейлендірмеген  аласапыран күш-Азаттықты аңсаған аңсар тілек, ұлы  Мұрат, қастерлі арман болатын. Шынында да Желтоқсан көтерілісі еркіндік таңы ататын күннің жақындап қалғанын сездірген оқиға еді. Желқтоқсан көтерілісі  ұлттық  рухтың  ширыққан  құсты  танытты.

            Бізге  Тәуелсіздік  оңайлықпен  келген  жоқ. Біз оған  ызғарлы желтоқсанда империя бодандығына   қарсы  шыққан  намысты  жастардың арқасында  қолжеткіздік.

            Еліміздің еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен  қайсар  ұл-қыздардың ерліктері-уақыт өткен сайын жадымызда жаңғырып, тарихи маңызы асқақтап барады. Желтоқсан  оқиғасында қазақтығын сақтап қалу үшін, ата-бабамыздан мирас болып қалған қасиетті жерімізге өзіміз ие болуымыз үшін  жазықсыз жараланған өрімдей жастар-біздің ұлттық мақтаныштарымыз, батырларымыз. Желтоқсан  желі  азынаған қаһарлы күндердің, отты жылдардың жарықшағы қалған жүректер әлі де бар арамызда...  Бүгінгі  қазақ жастары ел басына күн туғанда етігімен су кешкен сол қайсар  ұл-қыздардың  ерен ерлігімен танысып, оларды өз қаһармандарына айналдырса нұр үстіне нұр.