Ұлы Абайдың тереңге тартқан тіл тағылымы

07.09.2020ж

Жер жүзі халқының ішінде мәңгі жасауды ойламайтыны кемде-кем шығар. Оның мәңгілігі - тамырын тереңге тартқан ұлттық рухымен, ананың ақ сүтімен дарыған ана тілімен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен, дінімен және ділімен жалғасады.

Осы орайда қазір 175 жылдық мерейтойын бүкіл әлем атап өтіп жатқан Абай атамыздан мирас болып қалған ақындық өнердің орны тіптен айрықша. Сондықтан да біздің Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық қолледжінде өткізген әрбір әдеби іс-шарамыз оның шығармашылығын жас ұрпақтың «жүрегіне терең бойлатып», «сөз патшасы - өлең» құдіретінің асыл маржандарын жас ұрпаққа тереңірек танытуды, қара сөздерін, философиялық ой-толғауларын насихаттауды көздейді.
Осыған орай, қазіргідей күрделі карантиндік қиындықты ескере отырып 1 курс студенттері арасында ұлы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу бойынша қашықтықтан байқау ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Абай тағылымы және ұрпақ тәрбиесі» атты тақырыпта вебинар болып өтті. ZOOM режимінде ұйымдастырылған бұл шараны колледж директоры Б.Сауранбаева кіріспе сөз сөйлеп ашып, колледж директорының ғылыми әдістемелік істер жөніндегі орынбасары К.Құрабалдиева мен колледждегі қазақ тілі мен әдебиеті магистрі Р. Тұрғанқызы ұлы ақынның білім мен ғылымға, өнер мен еңбекке үндеген ақыл-өсиетке толы жырлары мен қара сөздерін ұрпақ санасына сіңірудің сан түрлі әдіс-тәсілдерін сөз етті. Колледж студенттері өлеңдерін оқып, әсем әндерін орындады.
Ал, шараға арнайы қатысқан І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты С.Қожағұлов, осы жоғарғы оқу орнының докторанттары М.Тұманбаева мен Е.Совет, Абайтанушы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі А. Мұхамедқалиқызы, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық музейінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ш.Тұрдықұл қазақ халқының рухани өміріндегі ұлы Абайдың хакімдік және ақындық рөлі жайлы, сондай-ақ, оның өлмес шығармаларын оқып-білудің өшпес өзектілігі туралы тағылымы терең ой-пікірлерімен бөлісті.
Рыскүл ҚОЖАБЕРГЕНОВА,
ЖЖГТК оқытушысы, «Абайтану»
үйірмесінің жетекшісі.