36 жыл бұрын салынған мәдениет ордасының келбеті жаңаруда

23.10.2020ж

Өңірлер өркендеп, аймақ келбеті жаңарып жатыр. Бұл да мемлекеттің елді мекендердің көркейуіне көңіл бөлуінің айқын көрінісі.  Сан тарамға тармақталған, әр түрлі саланы қамтыған бағдарламалар жетерлік.

Оның бірі «Жұмыспен қамтудың жол картасы». Шарапаты мол бағыттың игілігін көріп отырған жер Ескелді ауданы. Аумақта ұзын-саны 60 жоба қолға алынған. Оның 45-сі пайдалануға беріліп үлгерген. Алда әлі 15 нысан тұр қолданысқа беретін. Соның бірі Бақтыбай ауылындағы мәдениет үйі.

Ғимараттың ірге тасы 1984 жылы қаланған. Содан бері күрделі жөндеуден алғашқы рет өтіп тұр.

Аумағы 4200 шаршы метрді алып жатыр. Нысан екі қабаттан тұрады. Мәдениет ордасын қалыпқа келтіру ісі мамыр айының 18 жұлдызында басталған. Жауапты мердігер «ПСК Градцентр»ЖШС.

Құрылыс жұмыстарына барлығы 864 млн. теңге қаржы бөлінген. Бүгінде 95 азамат еңбекке тартылған. Оның 48-і жұмыспен қамту орталығы арқылы келген.

«Нысан айналасында арнайы демалыс орны да қарастырылған. Ол толығымен аяқталды. Қазіргі кезде төбесі 80%-ға жабылып, сыртқы абаттандыру 50%-ға орындалды. Жалпы алғанда 40% жұмыс өз мәресіне жетіп отыр»-деді участік басшысы Бауыржан Бекежанов.

Мәдениет үйі 400 орынға лайықталған. Айта кету керек, бұған дейін жобалау сыйымдылығы 575 орынды қамтыған еді. Алдағы таңда 15 үйірме ашылмақ. Сәйкесінше штат саны артпақ. Шамамен еңбек етуші қызметкерлер 20-дан атам болады деп күтілуде.  Жыл соңында аталған жоба қолданысқа беріледі дейді жауаптылар.