Ақсу ауданында Матай Бөрібай батырға ескерткіш қойылды

10.11.2020ж

Жансүгіров ауылындағы еңселі ескерткіш алыстан көз тартады. Салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли, ҚР Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов пен батырдың ұрпақтары қатысты.

 

Шараның шымылдығы сахналанған тарихи қойылыммен ашылды. Жоңғарға қарсы ұрыста қол бастаған баһадүр батырдың ерлігі көрсетілді. Салмағы 4,5 тоннаны құрайтын ескерткіштің биіктігі - 7 метр. Тұғырдан 20 метр қашықтықта айналдыра қазақ батырларының есімі жазылған 5 гранит тас қойылған. Мүсінді Қазыбек Дулатов, Еркін Мақұлбаев, Талғат Серікбаев жасады.  Ескерткіштің тұрғызылуына жергілікті жомарт азаматтар мұрындық көмектескен. Жоба авторларының бірі - ҚР суретшілер одағының мүшесі Қазбек Дулатов. Айтуынша, бір өзі ғана емес Еркін Мақұлбаев пен Талғат Серікбаевтардың да бірлескен жұмыста қолтаңбасы жатыр.

- «Алғаш байқау жарияланғанда түрлі авторлардың 10 жобасы  ұсынылған. Солардың ішінен біздің жұмысты таңдап алғаны қуантады. Біз мұнда батырдың болмысын, ерлік бейнесін көрсеткіміз келді. Қазақ ерлері ешқашан өз елін жерін жауға бермеген. Осы жолда олар аянып қалмады. Міне, осыны өскелең ұрпаққа айқын көрсетуді көздедік», - деді ол.