Жаңа дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді

04.12.2018 жыл

1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Айдарлы ауылдық дәрігерлік амбулаториясының күрделі жөндеуден кейінгі ғимаратының ашылу салтанаты болып өтті.

     Деніміздің саулығын қамтамасыз етуге жұмыс жасайтын ғимараттың ашылу салтанатында аудан әкімі Темірлан Бектасов, Алматы  облыстық мәслихатының депутаты, ШЖҚ «Панфилов аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Төлеу Сарпеков, Панфилов ауданының «Құрметті азаматы», аудандық орталық аурухана директорының ана мен баланы қорғау ісі жөніндегі орынбасары Мұрат Мұхаметжанов, ауданымызға белгілі ақын Тоқтарғали Шәбеков пен қатар, медицина саласының қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен БАҚ төкілдері  қатысты. Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Т.Бектасов: «Адам денсаулығы - мемлекеттің ең басты байлығы. Сондықтан да адамдардың баға жетпес байлығы – денсаулығын, өмір сапасын жақсарту жолында мем­лекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар ұшан-теңіз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі халықтың денсаулығын жақсартуға ерекше көңіл бөліп, жыл сайынғы Жолдау­ларында назардан тыс қалдырмай келеді. Мәселен, биылғы Жолдау­ында ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін, сонымен қатар медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен өсіруді тапсырды»,-деп барлық медицина қызметкерлеріне ар­тылар жауапкершілікті айта келе, жаңа ғимараттың ашылуымен барша ауыл тұрғындарын құттықтап, ізгі лебізін білдірді.  Тұңғыш Президент күні қарсаңында ашылған аталған ғимараттың лентасын аудан әкімі Т.Амангелдіұлы мен медици­на ғылымдарының кандидаты, денсаулық сақтау саласының үздігі М.Мұхаметжанұлы қиып, барша қонақтар амбулаторияны аралап, та­нысып шықты. Ашылу салтанатына ар­найы келген қонақтар, сонымен қатар ауыл тұрғындары атынан сөз алған Хаби Жаменкенов ыстық лебіздерін жеткізіп, шынайы ризашылықтарын білдірді.  Шара соңында ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізген компания өкілдері амбулаторияға су жаңа кір жуғыш машина тарту етті. Көз тартар ғимаратты салған құрылысшыларға да арнайы сый-сияпаттар табыстал­ды.

Ақмарал ХАМЕТЖАНОВА.