Бүлдіршіндерге базарлық

Қазақстан  Республикасының  Тәуелсіздігі күні қарсаңында өңірімізде екі бала бақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашты.   Желтоқсан айының 12-і күні қаладағы М.Ниязова атындағы  көшеде жаңадан салынған екі қабатты тұрғын үй жекеменшік балабақша ретінде ашылып, тұрғындарды қуанышқа бөледі.

 «Қарақат-Ай» деп аталатын бұл балабақшада 50 бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ 15 қызметші жұмыспен қамтылған. Балалар бақшасында 2 ойын бөлмесі, 3 жатын бөлмесі бар. Ондағы  тәрбиеленушілерге  ағылшын  тілі  үйретіле бастаған.  Кәсіпкер Жанар Нұрмолданың ашқан бұл бала  бақшасында бүлдіршіндерге қажетті жағдайдың бәрі жасалған.

        «Қарақат-Ай» бала бақшасының ашылу  салтанатына бүлдіршіндер мен бірге ата-аналар, аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Шоқпаров, қала әкімі Т.Нұрмолдаев,  аудандық білім бөлімінің басшысы Т.Қастеев қатысты.

        Алғашқы  құттықтау сөз алған аудан әкімі Т.Бектасов Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  ауданымызда   атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келіп,  бала бақша ашып отырған Жанар мен жұбайы Ерғали Нұрмолдаға ризашылығын  білдірді.

        Өз кезегінде сөз алған зейнеткер М.Қырықбаева да тәрбиешілерге және осы салаға  қолдау көрсеткен әкімшілікке шынайы  ризашылығын айтты.

       Ауыл қариясы Нұрмолдадан бата алып, лента қию рәсімі жасалды. Шашу  шашылып, бүлдіршіндердің концерті тамашаланды.  Мереке қарсаңында өткен шара соңында бала бақшаның құрылтайшысы Жанар Нұрмолда сөз алып, қуанышқа ортақтасқан барша көпшілікке  ризашылық  білдірді.

       Осы  күні  Н.Головацкий ауылында да бір жекеменшік бала бақшаның ашылуы болды. Шашу шашылып, лента қию рәсімі болды. Бүлдіршіндер қазақша, орысша, ағылшынша тақпақтар айтып, мерекелік шараның мерейін тасытты. «Арсен» атты  бала  бақшаның ашылу салтанатында аудан әкімі Темірлан  Бектасов сөз алып, тұрғындарды қуаныштармен құттықтады. Бұл балабақшада да 50 бүлдіршін   тәрбиеленуде. Сондай-ақ   15 адам жұмыспен қамтылған. Бала  бақшаның құрылтайшысы Жазира Маткаримова басшылық еткен бұл бала бақша  бүлдіршіндері   орысша, қазақша  сөйлеуді үйреніп, ағылшын тіліндегі үйірмелерге қатыса  алады.  «Арсен»  бала  бақшасының  құрылысы үшін және қажетті бұйымдармен қамту үшін 8 миллион  теңге  жұмсалған.

        Ауданымызда  мектепке дейінгі 80 ұйым жұмыс істейді. Олардың ішінде 12 балабақша  мемлекеттік, 35-і  жекеменшік, 18-і  шағын орталық, 15-і  қысқа мерзімдік   топтар.

        Бала  бақшаларда барлығы 5493 бүлдіршін тәрбиеленуде. Демек, ауданымыз бала бақшамен 99,5 пайыз қамтылды.

                Жұмағазы  Бейсебек.