Фронт офис ашылды

28.01.2019ж

Қазақстан Республикасы Жоғарғы  және облыстық соттарының «Үлгілі сот» бастамашылық жобасын іске асыру мақсатында аудандық сотта сот, сот төрелігін жүзеге асыру процесін жетілдіру, оның ашықтығы мен тұрғындарға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін келушілерге арналған фронт-офис ашылды.

     Айтулы іс-шараға аудан әкімі Т.Бектасов, прокурорлар, судьялар мен сот мамандары, медиаторлар, қорғаушылар, қоғамдық ұйымдардың басшылары, аудан тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.

   Азаматтарға игілікті қызмет етуге арналған фронт-офистің ашылуында аудан әкімі Темірлан   Амангелдіұлы,  ардагерлер ұйымының төрағасы Н.Рақымбаев, медиатор Е.Сәбденбеков құттықтау сөздерін сөйлеп,    сот  реформасын  табысты  жүзеге асыруға бағытталып, халыққа қолайлы жағдай туғызып отырған аудандық сот  басшылығына ризашылықтарын білдіріп, салтанатты түрде лента қию   рәсімін   жасады.

     Аудандық сот төрағасының уақытша міндетін атқарушы,  2018 жылы «Жылдың үздік заңгері»  атанған білікті судья Д.Құйқабаева шараға қатысушыларды соттың еңбек ұжымымен, фронт-офистің ақпарат орталығындағы құжаттарды қабылдау кеңсесі, өзіне өзі қызмет көрсету бұрышы, ақпараттық стенділерге орналастырылған талап қою және өзге де мазмұндағы ақпараттармен, құқықтық әдебиеттермен жан-жақты таныстыра отырып, фронт-офистің аудан тұрғындарына қолайлы және пайдалы қызмет көрсететіне сенім білдірді.         

        «Үлгілі сот» жобасы аясында есік ашқан фронт-офис азаматтарға ұсынылатын сот қызметтері мен сервистерінің сапасын жаңа деңгейге көтерумен бірге сот жұмысын оңтайлы ұйымдастыруға мүмкіндік береді және сотқа жүгінуші азаматтарға барынша қолайлы жағдай туғызатынын атап көрсетті. Қатысушылар үшін сот ғимаратына, фронт-офис жүйесіне экскурсия ұйымдастырылып, ақпараттық орталық, құжаттарды қабылдау кеңсесі, өзіне өзі қызмет көрсету бұрышы, келушілер отыратын күту залы,  қорғаушы және медиация бөлмелері көпшілікке таныстырылды.Фронт-офис орналасқан зал қазіргі заман талаптары мен стандарттарына  сай жабдықталғаны, ашықтығы мен қолжетімділігі   көпшілікті   қуантты.

      Кеңсеге келушілер сотқа құжат тапсырғанда сот маманы құжатқа белгі қойып, өтініштің көшірмесін берумен бірге тіркеу жүргізіп, кейінгі уақытта нөмірі бойынша «Сот кабинеті» сервисі арқылы арыз бойынша істің барлық қозғалысын бақылауға болатын арнайы талон береді. Фронт-офисте аудандық сот пен қорғаушылар кеңсесінің арасындағы келісім шеңберінде қорғаушы немесе медиатор тұрақты түрде қызмет атқармақ. 

Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,

Қазақстанның Заңгерлер

 және Журналистер

одағының мүшесі.