Еңбегімен де, өлеңімен де ерек жан

08.02.2019ж

Мен  Бөкеңді  алғаш Алмалы ауылында өткен аудан әкімінің  есеп беру кездесуінде көрген едім. Оған ауыл шаруашылығы саласындағы жеке шаруа қожалықтың  басшысы ретінде сөз берілді. Орта бойлы, мығым денелі  жігіт ағасы аяғын  салмақпен нық басып сахнаға шықты.

      Мінбені   жақтауынан қос қолымен қапсыра ұстап тұрып байсалды түрде сөз бастады. Даусы да жігерлі екен. Қысқа да нұсқа  сөйлеп, өзінің жұмыс жайынан хабардар етті. Басшыларға  шаруалардың   талап-тілегін ескертуді де ұмытпады. Әкім-қаралардың есебіне жиналыс тәртібіне сай «қанағаттанарлық»  деген бағасын да бере кетті.

     «Сөз қадірін  - өз қадірім»  деп түсінетін  кісілерді қашан да   құрмет тұту - қанымызға сіңген  қасиет.  Бөлекшелеу  болмыс-бітімі мен ерекшелеу сөз саптасына  елең ете қалып,  есімін есімізге  түйіп қойған едік сол сәтте.

       Сәл кейінірек  аудандық мәдениет үйінде жергілікті билік өкілдерінің  оралман бауырлармен  басқосуы өткен болатын.  Сол кездесуде де  оның суырылып шығып,  ел алдында екпіндей сөйлегенін көрдік. Еті тірі, шаруаға епті қандасымыз елдік мәселелерге де енжар қарамайды екен. Түйткілді мәселелерді түйіндеп айтып қана қоймай,  күрделі істің күрмеуін  тарқату туралы да татымды  пікірлерін ортаға салды.  Сөз соңында қолын сермей құлшына жыр шумақтарын төгіп-төгіп жіберді:

      ...Отаным сенің мерейің деп келдім.

     Бойдағы барды берейін деп келдім.

     Елім деп туған, еңіреп туған,

     Отаншыл ерге ерейін деп келдім.

     Бабалар рухы қолдаған елге,

    Тыныстап өсіп, өнейін деп келдім.

     Кең-байтақ осы өлкеміз үшін  

     Маңдайдан терді төгейін деп келдім!...

        Міне, «Елім, жерім» деп еміреніп, шекара асып келген нағыз патриот азаматтың сөзі! Міне, тарихи Отанына  «алайын» деген дәмемен  емес, әрекет етіп «берекетін арттырайын» деген ниетпен  келген ағайынның жарқын мысалы! Міне, істің көзін тапқан адам қай жерде де,  қандай жағдайда да табыс таба алатынына нақты үлгі! 

      Сөйтіп, оның жиындағы жалынды сөзі біздің, біздің ғана емес-ау, күллі ел-жұрттың жанына жақты. Болаттай берік байламды уәжі көңілімізді толқытып, жүрегімізді елжіретті.  «Болат бауырымыздың  бес-алты-ақ жылдың бедеріндегі жетістігі  арамызға жаңа қосылған оралман ағайынға да, осында бұрыннан отырған баршамызға да жақсы ой салып, сенімдеріне серпін береді деп сенеміз» деген ел ағаларының парасатты пайымы, орынды пікірі де көпшіліктің көкейінен шықты.

      Сол кездесуден соң онымен тіптен жақын  танысудың сәті түсті: Болат  Құрсақбай  1963 жылы  Іле Қазақ  облысы  Қорғас ауданы Кеген ауылында дүниеге келіпті.  Осындағы аудандық №1 орта мектепті озат оқып бітірген соң бірден мұғалімділікке қабылданып, 1983-1996  жылдары ауылдық мектепте оқытушылық қызмет еткен екен. Бұл – әрине,  оның  туабітті зиялылығы  мен  білімділігінің арқасы  екендігі даусыз. Арада екі жылдай  Үрімші қаласындағы    университеттің әдебиет факультетінде білімін одан әрі жетілдіреді де,  тарихи Отанына оралғанға дейін қайтадан мұғалімдік қызметін жалғастырады.

        Содан  2006 жылғы көктемде осы Алмалы ауылына қоныс тепкелі  бері өзі өлеңінде айтқандай  «маңдай терін төгіп, ерен еңбек ету арқылы»  ауыл шаруашылығы жұмысымен шұғылданып келеді. Кейінгі жылдары мемлекетімізде Елбасының тапсырмасымен   бұрынғы ұсақ ауыл шаруашылығы құрылымдарын ірілендіру жұмыстары  жүргізілгені белгілі. Ол қазір осы   саясатты қолдау мақсатында Басқұншы ауылдық округінде құрылған он жеке шаруа қожалықты біріктіретін «Болат» шаруашылығының басшысы. Мұнда оннан астам адам жұмыспен қамтылған. Күтіп-баптауларында133 гектаржері бар.  Оның90 гектары  -  жүгері. Қалғаны - беде. Ал жеке өзінің   қожалығында екі жүзден астам  қойы, он шақты жылқысы, дәл сондай мөлшерде  ірі қарасы бар. Қытайдан  қайын ағасы  Әкбар Әдікұлымен бірлесіп сатып алған комбайны,  осы жақтан лизингке алған екі тракторы жұмыс істейді. Үкімет тарапынан тұқымға, агротехникалық шараларға қажетті минералдық  тыңайтқыштарды  жеңілдікпен алып тұрады. Сондай-ақ,   субсидиялау қаржыларынан да   шет қалып көрген емес.  Бұл жағынан еш  өкпесі жоқ. Еңбегі еленіп,  өзі талай рет аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың, «Нұр Отан»   партиясы   аудандық филиалының, ауылдық округ әкімінің  грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болған.  

       Еңбегімен ерекше көзге түсіп, ақындық қабілетімен де көпке  танылған  Бөкең сонымен қатар ауылдағы әр алуан қоғамдық  шараларды ұйымдастыруға да белсене атсалысып, әлеуметтік жағынан аз қорғалғандарға да  қол ұшын беріп жүреді. Ауылдас шаруа адамдарының агротехникалық шараларын атқаруға  жекеменшік техникасымен өзара келісімді де қолжетімді тәсілмен көмектесіп тұрады.

       Сондай-ақ, ел-жұрт оны  тамырын тереңге жіберіп,   жапырағын кеңге жайған әулет басшысы  ретінде де жақсы таниды.  Жан жары Сәулетхан Ысқаққызы екеуінің  тұңғышы Мөлдір – жеке кәсіпкер. Үлкен ұлы – Батыл да өзімен бірге табысты еңбек етіп келеді.  2016 жылы ауыл шаруашылығы  саласында қол жеткен жетістіктері үшін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолынан «Алғыс хат» алған. Екінші ұлы – Қастер де өзінің сенімді көмекшісі. Елге оралғаннан кейін  өмірге келген соң есімін  ырымдап «Елжан»  деп қойған кенже ұлы да ержетіп  қалды. Бес  немересі желкілдеген  құрақтай болып өсіп келеді.

    «Немере» демекші, Бөкең оларға  арнаған «Немерем» атты өлең шығарған.   Оған  өзімен тағдырлас Әбдірахман Әріпұлы деген оралман бауырымыз ән жазыпты. Жалпы, екеуінің шығармашылығынан   туған  «Әдемісің, ерке қыз»  атты әні,   «Ұғып ал»  деген термесі бар. Ал, «Елмен қоштасу»  атты әнді екеуі арғы беттегі қалған ағайынға арнаған екен. Жалпы оның жазған жырлары облыстық «Алатау», аймақтық «Орбұлақ» және аудандық «Жаркент өңірі»  газеттерінде жарияланып тұрады.

     оның туған жеріміздегі Орбұлақтай тарихи орынға арнаған өлеңін мақаламызбен қоса  оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.        

                                                 Нұр ӘДІЛ,

                          халықаралық «ҚазАқпарат» агенттігінің

Жаркент аймағы бойынша  тілші-шолушысы.