Ана мен баланың қауіпсіздігі - болашақ қауіпсіздігі

15.02.2019ж

Панфилов ауданында көп балалы отбасылардың үйлеріне улы газ иістерін  сезетін арнайы құралдар орнатыла  бастады.

         Панфилов ауданы әкімдігі мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бүгінде улы иіс сезгіш құралдардың 34 данасын аудандағы аз қамтылған және көп балалы отбасылардың үйлеріне орнатуда.

       Улы иісті сезетін арнайы құрылғы батарейкамен жұмыс істейді. Үйдегі пеш немесе газдан қандай да бір ақау шығып, улы иіс тараған жағдайда бірден хабар береді.

       «Қазір елімізде ыс тиіп уланып, қаза тауып жатқан отбасыларды естіп қорқамыз. Өкінішті жағдай әрине. Өзімізде пешке көмір жағамыз. Кей түні қорқып, пешті қарап қоямыз. Енді мына иіс сезетін құрал жақсы болды. Қаншама отбасыны құтқаруға болады. Осындай игі іс жасап жатқан аудан әкімшілігіне рахмет айтамын»,- дейді көп балалы ана.

       Айта кету керек, аудан әкімі Темірлан Бектасов Астанадағы жеке үйлердің біріндегі бес баланың өмірін жалмаған өрттен соң аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен арнайы сала басшыларын жинап, ауданда өрт қауіпсіздік шараларын күшейтіп, улы иіс сезгіш құралдарды орнатуды тапсырған болатын.

    Аудан  әкімінің

баспасөз қызметі.