Ағайынды Қасеновтер Айдарлы ауылында

15.02.2019ж

Жылдар. Су сияқты сылдырап тоқтаусыз өтіп жатқан өмір. Ақпан айының 15 жұлдызында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына  30  жыл  толады.

        Осы орайда, бақытты балалық шақтың мекені Айдарлы ауылына 40 жыл бұрын кеткен екі қос батыр кездесуге келді. Ауған соғысы ардагерлері Касенов Асқар Ауғанұлымен Касенов Асхат Ауғанұлы. Олар Қоғалы жерінде дүние есігін ашып, Айдарлы ауылында өсті. Алғаш мектеп табалдырығын осы ауылда аттап, әріп таныды. Кездесу өсіп келе жатқан жастарға патриоттық рух, тәрбие беруге, Отан алдындағы борышқа, елді жерді қадірлеуге бағытталды.          

        Ақпанның  5  жұлдызында өткен бұл жиыннан Айдарлы оқушылары ойларын мазалаған сұрақтарына жауап алды. Кездесуге Жаркент қаласының  Ауған соғысы ардагерлері де келді. Ардагерлерге арналып 7 «а» сынып оқушылары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Ауыл  әкімі  Айдар    Мұратұлы     алыстан келген қонақтарды құрметпен қарсы алып, ардагерлерімізді келе жатқан мерекелерімен құттықтады. Мектеп директоры Әлішеров Берік Құдиярхан, Мәдениет үйінің директоры Әлия Шалғынбаева  Мүсілімқызы,мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  Әсемхан Жаңбырбаева Нұржауқызы елге қызмет жасап жүрген азаматтар мен азаматшалар  қонақтарға  құрмет көрсетті.               

        Ұйымдастыру іс шараларына мектеп мұғалімдері Каримжанова Жұмагүл Абдикаримқызы, Жетпісбаева Тұрсынай Айтуғанқызы, Байбатырова Жаңагүл Құлжабайқызы, Алпысбаева Айжанна Нүсіпханқызы, Нұрымжанова Роза сынды апайлар атсалысты. Ардагерлеріміз Ауған соғысының естеліктерімен бөлісіп, келешек ұрпақ соғыс деген атауды тек кинодан көрулерін тіледі.  

        Ал Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кетті. Бүгінгі таңда Қазақ елінде 10000-ға жуық ауған ардагерлері бар. Олардың 3000-дайы мүгедектер қатарында. «Соғыс – қай жерде болмасын соғыс. Оның болар жері, уақыты бөлек болғанымен, болмысы мен атауы бір. Дүниенің төрт бұрышының қай жерінде болмасын апат болса, шыбын жанды адамдар қаза табады, дегенмен ол табиғат апаты, ал соғыс – адамдардың қолымен жасалған зұлымдық»,- дейді Қасенов. Туған жердің әрбір тасы өзімізге ыстық қой, жат жерде, өзге елде  жүру кімге болса да ауыр соққы. 18 бен 20 жастағы боздақтар сол жерде қаза тапты. Талай ата-ананы жан жүрегі баласынан, сүйгенін сүйіктісінен ажыратқан еді. Қасенов өз ағасынан Қасенов Асқардан хат алып, аман-есен қайтатынын естігенде, екеуінің арасын ат шаптырым жер бөліп жатқан. Өкінішке орай, ағайынды екеуі кездесе алмапты. Сол күнгі ағасына деген сағынышы Қасеновтың кеудесін кернеп, соңғы көрген кезі көз алдына елестей беріпті. Сол жерде көрісе алмаған екі ағалы –інілі Ауғандар  бүгін топырағына аунап өскен Айдарлы жерінде бірге кездесу жасап отырғаны бізді  де қуантты.

        Елі  үшін еңбек ету кез келген адам баласының қолынан келе бермейді. Ұлы мақсаттарға жете білу үшін қажымас қайрат, мұқалмас жігер керек екені тағы бар. «Кешегі күн – ертеңгі тарих» дегенді ғұламалар тегін айтпаса керек. Тәуелсіз елдің тарихы мен ұрпақтардың сана-сезімінде сақталуы тиіс, мәні зор, ұрпаққа патриоттық үлгі-өнеге беруде үлкен рөл атқаратын жағдайларды жеткізу – із қалдырар қаламның, шындықты шұбырта жеткізетін жазушының міндеті.

                   Айым  Асхатқызы.