Ауған ақиқаты

 01.03.2019ж

Елімізде Кеңес Армиясының Ауғанстан жерінен шығуына 30 жыл толуына орай түрлі іс-шаралар өткізілуде. Сондай-ақ жауынгер-интернационалистермен кездесулер өткізіліп, жас ұрпақтарға қазақстандық патриотизмді насихаттау, оларды отансүйгіштікке баулу сияқты тәрбиелік мәні зор кездесулер жалғасын табуда.

     Жуырда Қырыққұдық ауылындағы «Жаркент» орта мектебінде ауған соғысы ардагерлерімен кездесу болды.

     Кездесуге жоғарғы сынып оқушылары, мұғалімдер мен арнайы шақырылған азаматтар, демеушілер  қатысты.

     Аудан көлемінде  өткен бұл шараны аудандық жастар ресурстары орталығы мен мектеп әкімшілігі  ұйымдастырған.

                Кездесуге келген аудан соғысы ардагерлері мектеп ішіндегі «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойды. Одан кейін мектеп директоры Мұратбек  Әжібеков пен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Қайролла Ыбрайымжанов ардагерлерді қарсы алып, осы  мектептің 11 сынып оқушысы  Шахназ Қаһарова самбо  күресінен өнерін көрсетті. 

                «Жаркент» орта мектебінде өткен кездесуде ауған соғысы ардагерлері «Жалын» әскери патриоттық клубында болып көрнекіліктермен танысты. Ондағы «Құрмет  грамоталар» мен «Алғыс хаттарды» көріп, мектептегі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Қ. Ыбрайымжановтың еңбегіне ризашылық білдірді. Осы мектептен 52 офицер, бір ұшқыш  қыз  шыққаны белгілі болып отыр.

                Мектепті аралап көрген соң акт залда кездесудің арнайы бөлімі басталды.

                Сахна төріне ауған соғысы ардагерлері шақырылып, сый-құрмет көрсетілді.  Сондай-ақ оқушылардың қойған түрлі  сұрақтарына жауынгер-интернационалистер тұшымды жауаптар қайтарып отырды.

      Экраннан  ауған соғысынан көріністер көрсетіліп, от пен оқтың арасында болған жауынгерлердің ерлік істері  көрсетілді.

      Шара барысында мектеп көркемөнерпаздарының орындауында әндер мен ұлттық нақыштағы билер орындалып кездесудің мерейін арттыра түсті.

      Кездесуде Ауғанстанда болған соғыс туралы алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Қ.Ыбрайымжанов баяндама жасады. Одан кейін аудан әкімінің баспасөз хатшысы Н.Ханағат пен осы шараға демеушілік көрсеткен Олжас Адамбаев сөз алып, ардагерлерге  ізгі  тілегін білдірді.

                Алғашқы әскери дайындық пәні бойынша оқушылар әскери қаруды бөлшектеп, қайтадан құрастырып жинау бойынша жылдамдықтарын  көрсетті.

                Ардагерлерді мектеп ұландары  құттықтап құрмет көрсетті.

                Кездесу барысында мектеп директоры М.Әжібеков сөз алып, ауған соғысы ардагерлеріне осындай шараға қатысқандары үшін шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ  аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы М.Тайболатовтың «Алғыс хатын» К.Мұхпуловқа табыс етті. Осы шараға демеуші болған Олжас Адамбаев пен Ғани Бегімбетовтерге рахмет айтты. Кездесу соңын ауыл қариясы Дауабек ақсақал ақ батасын беріп аяқтады.

                Мектепте өткен «Ауған  ақиқаты» атты кездесу соңында «Қар  үстіндегі футболдан» аудан көлемінде жарыс өткізілді. Жеңімпаз командалар аудан әкімінің кубогі мен «Құрмет грамоталарымен» мапаратталды.

Б.Жұмағазы.