Шапағат шуағы шашылған күн

14.03.2019ж

Көгілдір  көктемнің шуақты күндерінің  бірінде  аудан әкімі Темірлан Бектасов бір топ аналарды құрметпен қабылдап, оларға сый-сияпат көрсетті. Олардың ішінде көп балалы аналар мен еңбек майталмандары, балабақша  меңгерушілері  болды.

      Мерекелік қабылдауға округ әкімдері, мәслихат  депутаттары, мекеме басшылары қатысты.

     Қабылдау барысында аудан әкімі Т.Бектасов бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен асыл аналарды  мерекелерімен  құттықтады. Оларға  зор  денсаулық, отбасыларына шаттыққа  толы берекелі де мерекелі өмір тіледі.

    Арнайы шақырылған аналарға  «Алтын  алқа» алқаларын тағып, гүл шоғын ұсынды. Сондай-ақ оларға   естелік сыйлықтар табыс  етілді.

    Мерейлі  мерекеге  арналған салтанатты жиын Мәдениет үйінде жалғасын тауып, ауданымыздың  түкпір-түкпірінен келген әйелдер қауымы мен сала басшылары алдында аудан әкімі Т.Бектасов сөз алып, құттықтады.

     Шара барысында еңбегімен ел құрметіне бөленіп  жүргендерге төс белгілер тағылып, аудан әкімінің «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттары» салтанатты  түрде тапсырылды.

      8  наурыз  - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтау салтанатында дәрігер С.Лушпа, ұйғыр этномәдениеті орталығы төрағасының орынбасары  А.Алиев, дүнген этномәдениеті орталығынан  З.Юсуров және    «Жастар ресурстық  орталығы» КММ-нің  жетекшісі  Е.Нарынбаевтар сөз  алып, ізгі  тілектерін  білдірді.

      Мерекелік  шараның  жалғасы әсем ән  мен  күмбірлеген күйге  ұласты. Әсіресе   «Жаркент әуендері» халықтық ән-би ансамблі мен «Еркеназ», «Сахинур» бишілер тобының және «Шекара жүректері», «Балауса» вокалды ансамблінің  өнерлеріне көпшілік ризашылықпен қол соқты.

                Б.Жұмағазы.