Нан болса ән бар

11.04.2019ж

Панфилов ауданы әкімінің баспасөз қызметі "Жетісу" және "Огни Алатау" газетінің журналистерімен бірлесіп күнделікті өзіміз тұтынып жүрген "Жаркент-нан" наубайханасымен танысып қайтты.

    Көктал ауылдық округінде орналасқан наубайхана ауданымызбен қатар Ұйғыр, Кеген, Кербұлақ аудандарын сапалы нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы арқылы Үріжіге дейін баратын нанға бүгінде сұраныс артқан. 20-ға жуық нан шығаратын цехте 50-ге тарта қызметкерлер екі ауысыммен жұмыс істейді.Түркиядан арнайы әкелінген жоғары сападағы нан пісіретін пештер күніне 24000 нан пісіре алады.

    Жеке кәсіпкер Қазыбек Жолтуковтың айтуынша алдағы уақытта кондитерлік цех ашып, Қытайға нан, тәтті тоқаш түрлерін экспортқа шығармақ. Ауылдағы дүкендерге артық бағасыз нан беріп, олардың да кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасап отырған кәсіпкер аудан мен ауылдағы қайырымдылық шараларына тұрақты қатысып тұрады.

    Жанар Кәрібжанқызы, технолог

    Қазір күніне 7000-ға жуық нан шығарамыз. Жұмысшылар жалақысын уақытылы алады. Қызметкерлер арнайы санитарлық аумақтан өткесін бірден жұмысқа кіріседі. Күн сайын түрлі бағыттарға қызметтік көліктер тапсырыс бойынша нандарды жеткізіп отырады. Бізге Талдықорған сынды қалалардағы ірі супермаркеттер желісінен нанға тапсырыстар түседі. Алайда жердің алыстығына байланысты әзірге ол тиімсіз.

    40 миллион теңгеге несие алып кәсібін бастаған жеке кәсіпкер болашақта бидай өсіріп, наубайхананы ұнмен қамтамасыз етуді мақсат қойған. Жалпы Панфилов ауданында тоғыз мыңнан астам шағын және орта кәсіппен айналысатын кәсіпкерлер жұмыс жасауда.

Панфилов ауданы әкімінің баспасөз қызметі