Бабалардың ерлік дәстүріне - адалдық

06.05.2019ж

Қай кезеңде де болмасын зұлмат соғыс өртінің зардабы орасан. Мұны біз көне ғасыр шеңберіндегі батыр, жаужүрек бабаларымыздың қасық қаны қалғанша туған жерінің бір тұтам жері үшін жандарын қиған жанкешті ерліктерінен анық аңғарамыз.

    Кешегі Ұлы Отан соғысының күркірі де көпшіліктің көңіл төрінен әлі де кете қойған жоқ білем. Оның  адамзат баласына тигізген ауыр зардаптарының  ізі өше қойған жоқ.  Тән жарасы жазылғанымен, жан жарасы жазылмайды. Біз оны алысқа бармай-ақ тәжік-ауған шекарасында болған қанды оқиғалардан анық аңғара аламыз. Сол отты күндерге сәл-пәл шегініс жасай кетелік.

   1992 жылы тәжік-ауған  шекарасындағы тыныштықты сақтау үшін 9 мыңға тарта қазақстандық жауынгерлер Қазақстан Республикасының шекара әскерлерінің  жекелеген жиынтық атқыштар батальоны құрамында болып, ұрыс қимылдарына қатысты.

  ... Ал, 1993 жылы осы аймақтағы шекара шептерін қорғауды күшейту  мақсатымен 500 қазақстандық жауынгер жоғарыда аталған жекелеген жиынтық атқыштар батальонын толықтыруға  жіберілді: осы Орталық Азиядағы шиеленісті жағдайды тұрақты қалпына келтіру жолында біздің жауынгерлеріміз Отан алдындағы әскери борыштары мен антына адалдық таныта білді.

  ...1994 жылы 28 қыркүйекте 68-ші мотоатқыштар дивизиясының 1-ші атқыштар ротасының жауынгерлері Қырғызстан Республикасының 19 азаматын Пшихавр  шатқалындағы ауған-тәжік қарулы топтарының  құрсауынан құтқарып алды. Рота командирі, капитан Асқар Избанов басқарған бұл әскери  құрамда лейтенант А. Малахов, кіші лейтенант  К.Кадырханов, аға сержант Раджан Батырханов сияқты ержүрек жауынгерлер ерліктің өнегесін танытты.

  Күршім шекара отрядының аға сержанты Раджан Батырханов сол ерлігі үшін (қайтыс болғаннан кейін) «Айбын» орденінің 3-ші дәрежесімен марапатталды.  Ерлік ұмытылмайды деген осы емес пе, кейіннен Р.Батырхановтың есімі Күршімдегі шекара  бекеттерінің       (заставаларының) біріне  берілді.

  1995 жылы 7 сәуірде Ішкі істер әскерлері құрамындағы жиынтық рота жауынгерлері Қырғызстан Республикасы аумағындағы Пшихавр шатқалында өздерінен екі есе күші басым басқыншылардың қарсылығына тойтарыс беріп, ерліктің  үлгісін таныта білді. Бұл  қақтығыста 17 жауынгер қаза тауып, 33 жауынгер әртүрлі ауыр жарақаттар алды. Осы ерліктері  үшін қазақстандық жауынгерлер Қазақстан Республикасының  Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен марапаттарға ие болды.

   «Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлер Кеңесінің» республикалық қоғамдық филиалының  Панфилов аудандық бөлімшесінің құрамындағы 35 ардагер-жауынгердің тәжік-ауған шекарасындағы ерліктері де ұмытылмақ емес. Ол бүгінгі жас ұрпаққа-тәрбиелік өнеге.

   Филиал ардагерлері бүгінгі жас ұрпақ өкілдерімен жиі кездесіп, оларға әскери-патриоттық тәрбие берудегі ізгілікті істерін жалғастырып келеді. Жуырда ғана олар Шоқан орта мектебінде баскетболдан турнир ұйымдастырып, оның тағылымды өтуіне атсалысты. Жеңімпаз командаларға бағалы сыйлықтар мен арнайы кубоктар табыс етілді.

   Филиал ардагерлері осылайша ер бабалар дәстүріне деген адалдығын таныта бермек.

                Ғани  Айтымбет,

Тәжік-ауған ардагерлер одағы

 аудандық филиалының төрағасы.