Панфилов ауданында 40 отбасы баспаналы болды

08.05.2019ж

Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні мерекесіне орай көп балалы отбасылар мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған жанұялар қоныс тойын тойлады.

     Мереке қарсаңында Жаркент қаласында 40 жалгерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 14 отбасыға осы айдың ішінде пәтер кілті табысталатын болады.

    Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасов көп балалы 13 отбасыға пәтер кілтін арнайы табыстап, көрімдік тарту етті. Қоныс тойын тойлап жатқан отбасыларды құттықтаған аудан әкімі биылғы жылы тағы 5 қабатты 240 пәтер салынатынын жеткізді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен тағы көп балалы он отбасыға үй салып беруді жоспарлап отырмыз,-деді.

    3 бөлмелі пәтердің кілтін алған 7 баланың анасы Жұпар Үмбетова көп жылдар бойы пәтер жалдап қиналғанын жеткізді. Рамазан айының қарсаңында баспаналы болған қуанышты ана аудан, облыс әкімдігіне алғысымнан басқа айтарым жоқ дейді. 
    Бүгін қоныс тойын тойлағандардың қатарында Татьяна Камуровада бар. 7 баланы бір өзі асырап, баспанасыз жүрген ана 6 жылдан бері осы күнді күткенін айтып, қуаныштан көзіне жас алды.

   Бір стандартта салынған 70 шаршы метр 40 үйдің құрылыс жұмысы 2017 жылы басталған. Мұнда жеке қоражай, арнайы қоймасы мен бірге әр үйдің сырты жеке-жеке қоршалған. 
Айта кету керек, жыл басынан бері кәсіпкерлердің қолдауымен Панфилов ауданында 11 отбасы баспаналы болды.