Апат айтып келмейді

07.06.2019ж

Апат айтып келмейді. Табиғи апаттардан болатын зұлматтардан ешкім де сақтандырылмағаны бетенеден белгілі.

     Десекте, осындай табиғи апаттардың алдын алу жұмыстарын жүргізіп, тиісті қауіпсіздік шараларын орындау арқылы үлкен қасіреттердің алдын алуға болады.

    Маусым айының 3-і күні ауа температурасының көтерілуі мен жауын-шашын салдарынан Пенжім ауылын сел басты. Қас-қағымда болған табиғи апат салдарынан 181 ауланы су шайып, 31 үйге су кіріп тұрғындарға материалдық шығын алып келді. Қуанышқа орай, апаттан зардап шеккендер жоқ.

    Пенжім ауылында орын алған тілсіз жаудың алдын алу жұмыстары сол күні бірден басталып кетті. Аудан әкімі Темірлан Бектасовтың жетекшілігімен арнайы комиссия құрылды. Маусым айының 4-і күні аудан әкімі тасқын су басқан үйлерді аралап, тұрғындармен кездесті. Сол күні төтенше жағдайлар бөлімі және басқа тиісті мекеме мамандарымен бірлесіп тұрғындардың материалдық шығындары есептелді.

    Қазіргі таңда арнайы құрылған комиссия құрамы тиісті шараларды қабылдап, қарқынды жұмыстар жүргізді. «Қазселденқорғау» мекемесі, әскери қызметкерлер мен басқа да құзырлы мекемелермен бірге 200-ге тарта адамдар мен 40 техника көше, ауладағы қалдық суды сорғызып, шағыл төсеу жұмыстарын жасады.

    -Су кірген үйлердің ауласын тазарту жұмыстары орындалды. Сондай-ақ ауыл тұрғындарына қажетті жағдайдың барлығына тиісті көмектер көрсетіледі,-деп атап  өтті  аудан  әкімі Т.Амангелдіұлы.

    Алматы облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу мамандарының айтуынша 31 мамыр күні сағат кешкісін 21:30 шамасында 112 хабарламасында 2-3 маусым күндері Алматы облысында өзендердің су тасқыны болуы мүкін деген ескертпе хабарламалар тұрғындарға жеткізілгендігін атап өтті.

    Қазіргі таңда аталған ауылда сел салдарынан бұзылған арықтар толықтай қалпына келтіріліп, жол бойына арнайы шағылдар төселді. Тиісті жұмыстар сел салдарынан зардап шеккен барлық орындар қалпына келтірілгенше жалғасын табатын болады.

А.ХАМЕТЖАНОВА.