Алғыс арқалаған «Арай»

13.06.2019ж

Нұркент қалашығы жыл өткен сайын көркейіп келеді. Онда білім беру, мектепке дейінгі бүлдіршіндерді тәрбиелеу ісіне зор көңіл бөлінуде. Атап айтқанда осындағы «Арай» балабақшасының жұмысы  өңірімізге танылып, үлгілі ұжым ретінде жоғарғы деңгейден көрінуде.

     Балабақшадағы   тәрбие жұмысы заманауи инновациялық технология әдістемелері бойынша жүргізіліп, түрлі байқауларда біліктілік танытуда.

     Жуырда Алматы облысы бойынша таңдаулы он бір балабақша Алматы қаласында өткен  «Жыл балабақшасы-2019» аттты байқауға қатысып, бақ сынасқан болатын. Солардың ішінде ауданға қарасты Нұркент қалашығындағы «Арай» балабақшасының ұжымы барлық номинация бойынша үздік көрсеткішке қол жеткізіп бірінші орынды жеңіп алды.

     «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының  филиалы Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін  арттыру институтының ұйымдастыруымен  өткен бұл байқау нағыз жүлдегерлерді  анықтады.

     Облыстық «Жыл балабақшасы-2019» байқауында шығармашылық жетістіктері үшін «Арай»» балабақшасы 1 дәрежелі Дипломмен  марапатталды.

     «Арай» балабақшасының меңгерушісі Райгүл Исабекова басшылық ететін ұжымның жұмысына бұдан былай да сәттілік тілейміз.

Айдана Басшыбекова.