«Жетісу» телеарнасына 20 жыл

17.06.2019ж

Бүгін Талдықорғанда журналистердің кәсіби мерекесінің құрметіне және Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының 20 жылдық мерейтойына орай салтанатты шара өтті.

Мерекелік басқосуда облыс әкімі байланыс және ақпарат қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, өзінің жылы лебізін білдірді.

– Сөздің қуатын, журналистиканың қайратын танытып жүрген баршаңызға шығармашылық табыс тілеймін. Қаламдарыңыз қарымды, еңбектеріңіз жемісті болсын!, — деді Амандық Баталов.

Одан бөлек, өңір басшысы Алматы облысы аумағында қызмет істеп отырған 136 бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына оң баға берді. Атап айтсақ, оның ішінде 82 газет, 22 журнал, 4 телеарана («Жетісу», «Қайнар», «Қапшағай», «Алакөл ТВ») және көптеген сайттар мен интернет порталдары бар.

«Журналистер қашанда мемлекеттік саясатты, ел ішінде жүргізіліп жатқан ірі реформаларды, рухани жаңғыру қадамдарын халыққа жеткізуде бізге зор қолдау көрсетіп келеді», — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Амандық Ғаббасұлы Жетісу өңірінің айнасы – облыстық «Жетісу» телеарнасының ұжымын 20 жылдығымен құттықтады.

«Жастықтың жалауындай бұл 20 жылдың еншісінде – 240 ай, 7 200 күннің естеліктері жатыр. Көгілдір экран арқылы қаншама сағаттар бойы елге хабар таратылды. Бұл жылдарда – тарихтың ізі бар деп білемін. «Өткенсіз бүгін жоқ» дейді халық даналығы. Іргесі 1999 жылы қаланған телеарнаның аяғынан тік тұруына көптеген адамдар тер төкті. Сол жылдардағы басшылар Ермек Тұрсынов, Сәкен Жұманұлы, Наталья Борсенко, Клара Камарова, Мейрам Жәнәділов және тағы басқа азаматтардың еңбегі ерен», — деп атап өтті А.Баталов.

Осыдан кейін облыс әкімі мен телеарна басшысы Бейсен Құранбек жаңадан жарық көрген «Эфирде «Жетісу» кітабының лентасын қиды.

Облыстық телеарна алғашында «Жерұйық» деп құрылып, кейін оның атауы «Жетісу» болып өзгерген. Бастапқы жылдары облыс әкімдігінің аядай бөлмесінен хабар тарата бастағанда, телеарнада 10 шақты адам ғана жұмыс істеген. Ал, қазір «Жетісу» телеарнасын «мықты мектеп» деуге болады. Себебі6 осында тәжірбие жинаған көптеген журналистер қазір елімізге танымал телеарналарда қызмет атқарып жүр.

Осы аралықтағы «Жетісудың» жетістіктері де айтарлықтай. Телеарна 20 жылдық тарихында биік белестерді бағындырып, «Алтын жұлдыз», «Дидар», «Нұр сұңқар» және «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауларында топ жарды. Сонымен қатар, «Асыл сөз», «Тілсақшы» бағдарламалары республикалық байқауларда бас жүлдені еншілеген. Мұның барлығы – белгілі журналист, телеарна директоры Бейсен Құранбек бастаған кәсіби ұжымның еңбегінің жемісі.

Бүгінде жаңа ғимаратқа көшкен «Жетісу» елімізге ғана емес, таяу шет елдерге де өз хабарларын таратып отыр. Қазіргі уақытта 20-дан астам тележоба көрерменге ұсынылуда. Тағы бір айта кететін жайт, соңғы жылдары телеарна ұжымы кино түсіру саласына бет бұрған. Көркем фильм бағытындағы «Құдайы қонақ», «О, Ләйлә», «Бір уыс бидай», «Омарбек мерген» атты туындылар соның дәлелі. Көптен күткен «Жетісу» радиосының ашылуы да үлкен жаңалықтың бірі.

Айта кетейік, салтанатты шарада Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен бірнеше журналистер марапатталды.

Сонымен қатар, «Жетісу» телеарнасының бас продюсері Жұмахмет Жайлаубаев пен аудандық «Сарқан» газетінің бас редакторы Жомарт Игіманға ҚР Журналистер одағының «Қазақстанның құрметті журналисі» медалі берілді. Одан бөлек, «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалімен аудандық «Іле таңы» газетінің бас редакторы Роза Айдарбекова, «Атамекен» газетінің бас редакторы Ратбек Терлікбаев, «Алакөл» газетінің бас редакторы Азат Жақыпбек және республикалық «Президент және халық» газетінің тілшісі Ғалым Жазылбеков марапатталды. Ал, «Ерен еңбегі үшін» медалін «Талдау хабаршысы» газетінің тілшісі Болат Жұматаев алды.

Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасты.